Шын пейілмен жайылған дастархан

Өтеген батыр кентінде 3-ЖЭО жұмыскерлері кең дастархан жайды

Кенттің ірі кәсіпорындарынан дәстүр бойынша Наурызға дастархан жайылып, қонақтар мен тұрғындарға тағамдар ұсынылды. 3-ЖЭО қала құраушы кәсіпорын ретінде мерекелік іс-шараларға белсенді қатысады.

Биыл мереке стадионда өткізілді. Іле ауданы ұжымдарының мерекелік концерт өткізуіне сахна орнатылды. Арбат бойында ауыл тұрғындарына ұлттық тағамдарын ұсынған киіз үйлер мен шатырларды көруге болады.

Ауыл тұрғындары мерекелік шараларға әрдайым белсене қатысады. 3-ЖЭО жұмыскерлері Наурыз мерекесіне жұртшылыққа арнап кең дастархан жайды.

3-ЖЭО киіз үйінде әрдайым қонақтар, зейнеткерлер, балалар көп. Дастархан басында жұмыскерлер отбасыларымен жиналады.

– Бұл мереке әрдайым үлкен көлемде атап өтіледі, – деп станция кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлнара Жаманбаланова өз әсерімен бөлісті. – Наурыз мейрамы қарсаңында мерекелік дастарханға бауырсақ пісіру, наурыз көже дайындау секілді жұмыстар жеткілікті. Біз жыл сайын осы күні барлық қонақтарымызды дәмді тағамдарымызбен қуантамыз.

Биыл 3-ЖЭО жұмыскерлері 20 кг бауырсақ, 40 литр наурыз көже, 100 литрлік қазанмен палау дайындап, шығыс тәттілерін, жемістер мен ұлттық сусындарды сатып алды.