АлЭС: энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру

11 қарашада әлемде Халықаралық энергия үнемдеу күні атап өтіледі. Іс-шаралардың негізгі мақсаты-энергия ресурстарын ұтымды пайдалануға жұртшылықтың назарын аудару.

Бұл күні Астанада энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы өзекті мәселелер қаралған төртінші халықаралық энергия үнемдеу форумы өтті. Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің, "Dena" Неміс энергетикалық агенттігінің, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының өкілдері және энергия үнемдеу саласындағы басқа да мамандар сөз сөйледі. "АлЭС" АҚ атынан техникалық басқарманың бастығы Қайнарбек Керімқұлов қатысты.

"Самұрық-Энерго" АҚ-да "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма төрағасы С.С.Тютебаевтың қатысуымен Халықаралық энергия үнемдеу күніне арналған бейнеконференция өтті. Қазақстандық Энергетиктер кәсіподағының грамотасымен техникалық басқарманың бас маманы Сейдіғалиев Ілияс марапатталды.

– 2021 жылы "АлЭС" АҚ-да энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша 26 іс-шара орындалды, – деді Қайнарбек Керімқұлов. – Іске асырылған іс-шаралардың әсері 554 млн. теңгені құрады.

Ілияс Сейдіғалиев 2021 жылы "АлЭС" АҚ-да 20 рационализаторлық ұсыныс мақұлданғанын, оның 12-сі іске асырылғанын атап өтті. Іске асырылған ұсыныстардың әсері 81 млн. теңгені құрады. Мысалы, А.Жақұтов атындағы ЖЭО-2 келесі ұсыныстарды іске асырды – турбоагрегаттардағы ЦНД ресиверлік бөгеу құбырларын тығыздау, негізгі конденсат желісіне БНТ-4 конденсатын беру схемасын өзгерту және есепке алу деректерін жинауды цифрландыру.