АлЭС еңбек сіңірген энергетик Бірлік Оразбаевқа мемориалдық тақта орнатты

Ол Б.Оразбав атындағы 1-ЖЭО-да орнатылды

Энергетик Бірлік Оразбаевқа мемориалдық тақта 2021 жылдың 9 шілдесінде ашылды. Оны Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО кіре берісіне орналастырды.

- Бүгін бізде салтанатты күн. Біз көрнекті энергетик Б.Е.Оразбаевқа мемориалдық тақта ашамыз. Қазақ политехникалық институтын бітіргеннен кейін Бірлік Есіркепұлы өзінің еңбек жолын Алматы 1-ЖЭО-да қарапайым машинист болып бастады. Мұнда кәсіби өсудің барлық сатыларынан өткеннен кейін – аға машинист, инженер, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, бас инженердің орынбасары, ол 1-ЖЭО бас инженері болып тағайындалды, - деп атап өтті «АлЭС»АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Қырқынбаев.

Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор Серік Түйтебаев 2-ЖЭО-да Бірлік Есіркепұлымен қалай танысқанын есіне алды. Оның ерекшелігі тек кәсібилігінде ғана емес, жас энергетиктерге жанашыр аға ретінде, әрдайым ақыл-кеңес, қолдау көрсететінін атап өтті.

- Бәкең, біз оны осылай атайтынбыз, өте ақылды, жаны жайдарлы, ашық мінезді адам болатын. Бұл біздің бүкіл ұжымның жарқын сәулесі еді. Бізге, жас жігіттерге ол әрқайсымыздың директор болуға лайық екенімізді айтатын. Өмір оның сөздерін растады. Сол кездегі 12 жас энергетик түрлі деңгейдегі директор лауазымына жетті. Бізді «Оразбаевтың шәкірттері» деп атады, ал біз үшін ол мақтаныш.

Бірлік Есіркепұлының басшылығымен «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Нұрлан Мұхамед-Рахимов та өсу жолынан өтті:

 - Біз оның қолдауы мен қамқорлығын әрдайым сезіндік. Оның арқасында біз өмірге қажет біршама тәжірибе жинадық. Біз 1-ЖЭО-ға Бірлік Оразбаевтың есімін беру үшін үлкен жолдан өттік. Біздің «Самұрық-Энерго» АҚ бастамамызды қолдағаны үшін, атап айтқанда, Серік Түйтебаевқа, Энергетика ардагерлерінің кеңесіне, әсіресе Кеңесхан Сейітқалиұлы Нұрпейісовке алғысымыз шексіз. Бүгін біз бұл жолды мемориалдық тақтаның ашылуымен аяқтаймыз. Бұл күн қаланың да, жалпы республиканың да энергетиктерінің жадында сақталады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері Асығат Асиұлы Жабағин Бірлік Есіркепұлымен жақын достығы туралы айтып берді.

- Біз студенттік жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Биыл университетті бітіргенімізге 50 жыл толады. Бірлік Есіркепұлының шәкірттеріне станцияға атын беру үшін үлкен жұмыс атқарғандарына алғысымды білдіремін. Қазіргі сәтте біздің қасымызда өзі болмаса да, барлық курстастарымыздың басын Бірлік Есіркепұлы жинады. Бізді осы мерейтойда қауыштырды. Алматы 1-ЖЭО сияқты станцияға Бірлік Есіркепұлының есімін беру үлкен мәртебе. Біздің қуанышымызда шек жоқ, сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Алғыс сөздерін Бірлік Есіркепұлының жұбайы Баян Сұлтанқызы білдірді:

- Бүгін станция қызметкерлері, әріптестер, достар және әсіресе біздің отбасымыз үшін есте қаларлық күн. Мұнда Бірлік Есіркепұлының ағалары, апалары, немерелері, қызы, жиендері отыр. Бүгін бізді ризашылық сезімі жүрек толқытып, қуанышымызды жеткізе алар емеспіз. Адам дүниеден озғанда, артынан естелік қалса, содан артық ештеңе жоқ. Бүгінгі күн соның дәлелі, Бірлік Есіркепұлын әлі күнге дейін жадында сақтап, құрметтейтін азаматтар Станцияның басқарушы директоры Исахан Сырғабаевқа, Советхан Сейітқалиұлы Нұрпейісовке алғысымды білдіремін. Бірлік Есіркепұлын соңғы сапарға шығарып салғанда, Алматылық станциялардың біріне Оразбаевтың есімін беруді ұсынғаны есімде. Өйткені энергетиктер бірлік, ынтымақтастық және ерекше есте сақтау қабілетімен ерекшеленеді.