«АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Киркинбаев Алматы 2-ЖЭО құрылыс мердігерімен ЕРС-келісімшартқа қол қою барысында сөз сөйлеуі

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Ең алдымен, қатысушыларға 2021 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елдің инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне тоқталып, «Үкімет «Самұрық-Қазына» Қорымен бірлесе отырып, Алматы 2-ЖЭО алаңында бу-газ қондырғысының құрылысы, 3-ЖЭО-ны жаңғырту және 1-ЖЭО-ны кеңейту ауқымды жобаларды жүзеге асыруға кірісу керек», – деген сөздерін атап өткім келеді.

2021 жылғы 19 қарашада Мемлекет Басшысы Алматы 2-ЖЭО аумағына қуаттылығы 600 МВт-қа дейінгі жаңа Бу-газ қондырғысы құрылысының орнына естелік капсуласын салды. Осылайша, барлық Алматы энергокешенін кең ауқымды жаңғырту жұмыстары басталып кетті, оның негізгі мақсаты – қоршаған ортаға тигізетін әсерді барынша азайту.

Міне, бүгін Сіздер экологиялық емес шикізат – көмірмен жұмыс істейтін, қолданыстағы 2-ЖЭО-ны ауыстыруға арналған жаңа газ станциясының құрылысы бойынша ЕРС-келісімшартына қол қою рәсімінің куәгері болып отырсыздар.

Жобаны дайындау барысында біз техникалық жағынан да, оны қаржыландыру бойынша да түрлі жоспарлы, әрі күрделі жұмыстар атқардық Біз жайлы Бұқаралық ақпараттық құралдарда уақытты кешіктіруден бастап техникалық шешімді дұрыс таңдамауға дейін көптеген сындар айтылды. Аталған жобада «Самұрық-Қазына» Қоры, «Самұрық-Энерго» АҚ, «ҚазНИПИЭнергопром» Институты және «АлЭС» АҚ мамандарының үлкен тобы жұмыс істегенін атап өткім келеді. Бұл өндірушілер, жобалаушылар, заңгерлер және тағы басқалары. Пандемия, әлемдегі ең күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал жағдайында олар күрделі және түрлі міндеттерді шешіп, оларды абыроймен атқарды!

Сол үшін сіздерге үлкен алғысымды білдіргім келеді!

Сонымен қатар, Жоба ЕҚДБ және АДБ сияқты жетекші халықаралық қаржы институттарында толықтай сараптамадан өтті. Күрделі және ұзақ келіссөздерден, халықаралық стандарттар бойынша барлық корпоративтік рәсімдерден өткеннен кейін қаражаттың 80%-ын жоғарыда аталған банктер мен ҚДБ Синдикаты, ал жоба құнының 20%-ын «Самұрық-Қазына» Қоры мен «Самұрық-Энерго» АҚ беретінін сеніммен айта аламын. Егер біз өткен жылдың қараша айында ЕҚДБ-мен Қарыз шартына қол қойған болсақ, ағымдағы жылдың маусым айының басында АДБ және «ҚДБ» АҚ-мен кредиттік келісімдерге қол қою күтілуде.

ЕРС-мердігерін таңдауға келетін болсақ, 2022 жылдың қазан айының соңында ЕҚДБ халықаралық стандарттары мен ережелеріне сәйкес екі сатылы ашық халықаралық конкурс жарияланды. Байқауға барлығы 6 қатысушы қатысты.

Олардың өтінімдерін бағалау нәтижелері бойынша барлық қойылатын талаптарға сәйкес келетін және ЕРС шарттарында жобаларды жүзеге асыру, өнеркәсіптік жабдықтарды жобалау және өндіру тәжірибесі бар үш қытай компаниялары құрамындағы Консорциум жеңімпаз болып танылды. 25 мамырда ЕҚДБ бағалау есебін келісімдей отырып, конкурс жеңімпазын растады. Жоба құнының тәртібі ТЭН бойынша бұдан бұрын айтылған бағаға сәйкес келеді.

Тағы бір маңызды – экологиялық аспектіге қысқаша тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Мемлекетіміздің Басшысы жоғарыда аталған Жолдауында «Еліміздегі экологиялық проблемаларға, әсіресе ауа сапасына ерекше көңіл бөлу керектігін» атап өткен еді.

Бүгінгі 2-ЖЭО туралы айтатын болсақ, ол жылына 2,3 миллион тоннаға жуық көмірді жаға, Алматы қаласының тұрғындарын электр энергиясымен, жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ете отырып, аралас циклде жұмыс істейді. Біздің жобаны жүзеге асыру барлық қолданыстағы параметрлерді жақсарта атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының көлемін 80%-ға, яғни 35,4 мың тоннаны – 2,7 мың тоннаға дейін, парниктік газдар шығарындыларын (СО2) – 3,9 млн. тоннадан 2,4 млн. тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қатты заттар мен күкірт тотығы шығарындылары алынып тасталады.

Нәтижесінде, 2026 жылдың соңына дейін шығарындылар шоғырланулары Еуропалық Одақ Комиссиясы Директивасының талаптарына сәйкес келетін және СО (иіс газы) мен NOx (азот тотығы) бойынша 40-50 мг/м3 аспайтын «Озық Қолжетімді Технологияларды» пайдалана отырып, жаңа станция салынады.

Осылайша, барлық дайындық жұмыстары орындалды. Біз қытайлық мердігермен бірлесіп, құрылыс бойынша тәжірибелік жұмыстарға кірісуге дайынбыз.

Келісімшарт талаптары бойынша қуаттылығы 200 Мвт-тық Бірінші блокты іске қосу бойынша жұмыстардың жасалуын келесі жылдың желтоқсанында күтеміз. Жоспар-кестеге сәйкес барлық станцияны толықтай пайдалануға беру 2026 жылы күтілуде.

Қорытындылай келе, ЕҚДБ, АДБ және ҚДБ серіктестерімізге, Инженер – Тапсырыс берушіге және қытайлық серіктестерге бірлескен жұмыста сындарлылық танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді.

Назар аударғандарыңызға рақмет!