Алматы 2-ЖЭО құрылысы мердігерімен келісімшартқа қол қойылды

2023 жылғы 31 мамырда Алматы қаласында газ отынымен жаңа Алматы 2-ЖЭО құрылысының мердігерімен шартқа қол қойылды. EPC-келісімшарт жұмыстың толыққанды қамтуын білдіреді – жобалау, жабдықты жеткізу, құрылыс-монтаждау және іске қосу-реттеу жұмыстары, пайдалануға беру. Жаңа станция жұмыс істеп тұрған ЖЭО алаңында салынады, онда бүгінде негізгі отын ретінде көмір, ал іске қосу – мазут пайдаланылады.

Жаңа газ-турбиналық ЖЭО құрылысының мердігері энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мамандандырылған үш ірі қытайлық компаниялардың консорциумы болды: «Dongfang Electric International Corporation», «Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co., Ltd», «Powerchina Hebei Electric Power Engineering Co., Ltd». Консорциум – бұл компаниялардың одағы, олардың біріншісі – өнеркәсіптік жабдықтардың ірі өндірушісі, екіншісі – БНА шарттарында жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар, үшіншісі – жобалауға маманданған.

Бұл таңдау «Алматы 2-ЖЭО-ны қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайта отырып жаңғырту» жобасы шеңберінде Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің (ЕҚДБ) халықаралық стандарттары мен қағидалары бойынша өткен екі кезеңді ашық халықаралық тендердің қорытындыларымен айқындалды. Естеріңізге сала кетейік, EPC мердігерін анықтауға арналған тендер өткен жылдың қазан айында жарияланған болатын. 2023 жылдың қаңтарында конкурстың 1-кезеңіне қатысушылардың өтінімдерін ашу (біліктілік іріктеу) жүргізілді. Барлығы 6 қатысушыдан өтінімдер түсті. Тендердің 2-кезеңі аясында екі өтінім қаралды. Нәтижесінде, ЕҚДБ ережелеріне сәйкес, конкурс өтті деп саналады және банк 2023 жылдың мамыр айының соңында оның жеңімпазы – үш қытайлық компаниялардың консорциумын растады.

EPC-келісімшартқа қол қою Алматы 2-ЖЭО аумағында, жаңа станцияға бөлінген жерде өтті. Іс-шара «Самұрық-Қазына» Қоры, Алматы қаласы мәслихаты, Алматыдағы ҚХР Бас консулдығы, «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдерінің қатысуымен өтті. Тапсырыс беруші тарапынан келісімшартқа «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) Басқарма Төрағасы Ерлан Киркинбаев, мердігер тарапынан – Цзян Лисян мырза, «Dongfang Electric International Corporation» компаниясының халықаралық маркетинг бөлімі бас директорының орынбасары қол қойды.

Алматы 2-ЖЭО-ны жаңғырту жобасына сәйкес электр қуаты 600 МВт-қа дейінгі және жылу қуаты 957 Гкал/сағ дейінгі газ турбиналы ЖЭО салу көзделіп отыр. Жобаның мақсаты-2-ЖЭО-ны табиғи газды жағуға ауыстыру есебінен станцияның Алматы қаласының экологиялық жағдайына теріс әсерін азайту. Жобаны аяқтау және станцияны пайдалануға беру 2026 жылдың желтоқсанында жоспарлануда.

«Самұрық-Энерго» АҚ сарапшыларының айтуынша, екі Алматы станциясы – 2-ЖЭО және 3-ЖЭО жаңғыртылғаннан, қайта құрылғаннан және газға ауыстырылғаннан кейін қала атмосферасына зиянды заттардың шығарындылары 92%-ға төмендейді. Төмендеуге Еуропалық одақтың талаптары деңгейінде атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын қамтамасыз ететін тиімді газ турбиналы қондырғыларда табиғи газды пайдалану есебінен қол жеткізілетін болады. Сонымен қатар, көмірдің негізгі отынын газға ауыстыру нәтижесінде күл-қож қалдықтарының түзілуі мен көмілуі алынып тасталады. Қолданыстағы күл үйіндісінің орнында өндірістік ағындарды кәдеге жарату үшін булану алаңдары көзделеді.

Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының айтуынша, жоба Қазақстанның оңтүстік аймағындағы электр қуаты нарығының тапшылығын жабуға бағытталған.

2022 жылдың қарашасында станция иесі АлЭС пен ЕҚДБ арасында жобаны қаржыландыру туралы несиелік келісім жасалды. Жалпы, жобаны қаржылық қолдауды ЕҚДБ-дан басқа Азия Даму Банкі (АДБ) және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) кіретін халықаралық және қазақстандық қаржы құрылымдары жүзеге асыратын болады. АДБ және ҚДБ-мен тиісті құжаттарға қол қою 2023 жылғы маусымда жоспарланып отыр. Қаржыландыру «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік кепілдіктерімен жүзеге асырылады, бұл сарапшылардың бағалауы бойынша тәуекелдерді азайтуға және кредиттеу шарттарын жақсартуға ықпал етеді.