Қоғамдық тыңдау. Барлық күш-жігер инвестициялық бағдарламаларды орындауға жұмсалды

Алматы қаласындағы ірі табиғи монополиялар субъектісі болып табылатын «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) компаниясының басшылығы осы дүйсенбі күні 1-ЖЭО-да мүдделі қызметтер мен тұтынушылар алдында жыл сайынғы дәстүрге айналған қоғамдық тыңдау өткізді. Онда Қазақстан Республикасы «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңының 7-бабы 7-3 тармақшаларына сәйкес компанияның жылу энергиясын өндіру және магистральды құбыр жолдары арқылы су беру (химиялық тазартылған суды дайындау) реттелетін қызметтерін ұсыну жағдайы сөз болды. Бұл қоғамдық тыңдауға уәкілетті және мемлекеттік органдар мамандары , соның ішінде, Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің сарапшылары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.

Жалпы, Алматы қаласы мен облысына арналған жылу және электр энергиясын өндіретін ірі компания болғандықтан, қоғамдық тыңдауға жиналған жұртшылық алдында негізгі баяндаманы «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Мұхамед-Рахимов, содан кейін екінші баяндаманы «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Зұлқия Жананова таныстырды. Басқарма Төрағасы әуелгі сөзді компанияның құрылымдық жұмыстарымен таныстырудан бастады. Бұл ретте «АлЭС» АҚ-на қарайтын – «ЭнергоЖөндеу» өндірістік кәсіпорны, Батыс Жылу Кешені, сондай-ақ қаладағы негізгі жылу өндірушілер – 1-ЖЭО, 2-ЖЭО,3-ЖЭО және олардың бүгінгі атқаратын жұмыстары туралы қысқаша айтып өтті.

Осыдан кейін Нұрлан Тауфикұлы өткен жылы ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы және облысы бойынша департаментінде бекітілген өткен 2015 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалу барысына тоқтала кетті. Бұл орайда бағдарламаның жүзеге асуына жоспар бойынша барлығы 11 470, 5 млн. теңге қарастырылып, соның бәрі де уақтылы ойдағыдай жұмсалғаны келтірілді. Соның ішінде, ең басты әрі негізгі жұмыстар Алматы 2-ЖЭО-ың ІІІ-кезегін қайта жөндеуден өткізу мен кеңейту жұмыстарына, яғни, №8 қазандық агрегаты құрылысына 10 403,7 млн. теңге жұмсалып, бұл қаржыға жалпы құрылыс-монтаждау, авторлық, техникалық бақылау және іске қосу-реттеу жұмыстары орындалған.

Ал енді инвестициялық бағдарламада қарастырылған қалған 1 066,8 млн. теңгеге басқада көлемді жұмыстар жүргізілді. Бұлардың бәрі «АлЭС» АҚ энергокешендері жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталды. Мысалы, осындай инвестициялық бағдарламаға кіретін жұмыстардың бірі 2-ЖЭО-ның күлқожшығару құрамдастырылған жүйесін орындауға 243,4 млн. теңге бөлінген. Сондықтан да, Басқарма Төрағасы Н. Мұхамед-Рахимов бұл бағыттардағы жұмыстардың шығындылығы және жылу энергиясын өндіруде компания қаржысының жетіспеуі салдарынан банктік несиелер түрінде қосымша қаржы көздері тартылғанын да атап айтты.

Сондай-ақ, баяндамашының тағы бір мән бере айтқан мәселесі – реттелетін қызметтердің ұсынылатын ауқымы болды. Бұл ретте жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтерге бекітілген тарифтік смета бойынша көрсетілген қызметтер мөлшері 5774 мың Гкал. көлемінде қарастырылған. Ал 2015 жылы нақты пайдаланылған электр қуатының мөлшері 5000 мың Гкал-ды құрады, немесе тарифтік сметада қарастырылған ауқымнан 13,4 пайызға төмен көрсеткішке ие болды. Мұндағы жылу энергиясын босату жұмыстары «Алматы Жылу желілері» ЖШС тапсырыс берген және басқа да жылу энергиясын тұтынушылар сұранысына сәйкестендірілген көлемде жүзеге асырылып отырды. Cөйтіп, бұл тарифтік сметада көрсетілген 15 313,6 млн. теңгенің тауарлар мен қызметтерін өндіруге кеткен шығындары 12 пайыздай ауытқуларға ұшырай отырып, 13 485,5 млн. теңге құраған.

Әрине, баяндама арқылы ұққанымыз, қазіргі таңда «АлЭС» компаниясының жұмысында дамудың оң нәтижелері қалыптаса бастаған екен. Бұл көп жағдайда аталған кәсіпорынның реттелетін қызметті тұтынушылармен жүргізген жұмыстарына байланысты болып отыр. Осыған байланысты «АлЭС» АҚ тұтынушылармен дебиторлық қарызды жою бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіп келеді.

Осыларды түсіндіре отырып, дәлелді тұрғыда айтып шыққан «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Мұхамед-Рахимов пен Басқарма Төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Зұлқия Жанановаға залда отырған қоғамдық тыңдауға қатысушылар тарапынан сұрақтар түсіп, соларға толыққанды жауап алды. Тек олардың арасында жиналысқа Алматы қаласы Табиғи монополияларды реттеу департаменті атынан қатысқан қоғамдық сарапшылар тарапынан қозғалған сөздер баяндамаларды байытып отырғаны болмаса, жалпы қоғамдық тыңдау түсіністік пен жылы шырайда өтті деп айтуға әбден болады.

Құттыбек Аймахан