Жұмыс істегендер есеп беруден қашпайды

Алматы сияқты ірі мегаполисті жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан осы салада жұмыс істейтін компаниялар монополист ретінде мойындалады, олардың қызметі қала тұрғындары тарапынан тұрақты пікірталастар тудырып отырады. Мысалы, қалада жылу энергиясын өндіру бойынша табиғи монополиялар субъектісі болып саналатын сондай ірі компаниялардың бірі «Алматы электр стансалары» АҚ. Компания Алматы қаласы мен Алматы аймағы үшін жылу энергиясын өндіретіндіктен және магистральді құбырлар бойынша су беретіндіктен (химиялық тазартылған су дайындайды) табиғи монополиялар субъектілерінің Мемлекеттік тізіліміне енгізілген. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7 бабы, 7 тармағының 7-3 тармақшасына сәйкес «АлЭС» АҚ жыл сайынғы қоғамдық тыңдаулар дәстүрге айналды.
2014 жылғы 26 наурызда «АлЭС» АҚ 1- ЖЭО мәжіліс залында тұтынушылар мен басқа да мүдделі тұлғалар алдында 2013 жылы жылу энергиясын өндіру және магистральді құбырлармен су беру (химиялық тазартылған су дайындау) қызметтері бойынша тарифтік сметаның орындалуы жөнінде есеп беру бойынша тыңдау өткізілді. Осы аталған тыңдауға Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Дәурен Жандарбек, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның өкілдері, сонымен қатар тәуелсіз сараптамашылар, тұтынушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Тыңдауда «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Н.Т.Мухамед-Рахимов есеп берді.
Өткен жылы «Алматы электр стансалары» АҚ энергокешен жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған көлемді жұмыстар атқарылды. Осымен байланысты бойлер құрылысының аяқталуын, 2 -ЖЭО және 1- ЖЭО қосатын магистралдің енгізілуін атауға болады. Өз есеп беруінде «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Н.Т.Мухамед-Рахимов тыңдаушылардың назарын инвестициялық бағдарламаны орындауға бағытталған Қоғам қызметіне аударды.
Жалпы алғанда 2013 жылы «АлЭС» АҚ инвестициялық шараларды жүзеге асыруда игерілген қаражат сомасы 9,2 млрд.теңге құрады. Соның ішінде, коллекторлы су таратқыш және бак –аккумуляторларымен қоса бойлер құрылысына 877,4 млн.теңге жұмсалған. Азот тотығының эмиссияларын төмендету мақсатында 1-ЖЭО –да қазандық агрегаттарының жанарғы құрылғыларын қайта құрылымдау 292,4 млн. теңгенің жұмысы атқарылған.

2013 жылғы «АлЭС» АҚ қызметінің негізгі қаржылық – экономикалық көрсеткіштері туралы баяндағанда, Н.Т.Мухамед-Рахимов жылу энергиясын өндіруде компанияның 815 миллион теңге көлемінде, ал магистральді құбырлармен су беруде (химиялық тазартылған су) 723,6 миллион теңге көлемінде шығын шеккендігін айта кетті. Жылу энергиясын өндіру мен химиялық тазартылған суды дайындаудағы шығындардың артуына, басшының сөзіне қарағанда, отын бағасының және оны тасымалдау бағасының өсуі негізгі себеп болған.
Сонымен қатар, есеп беруде жылу желілерінің жылу энергиясын тұтыну көлемінің 14 пайызға, ал химиялық тазартылған суды тұтынудың 25 пайызға төмендегені туралы айтылды.
«АлЭС» АҚ 2014-2016 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарламаны қалыптастырды.
«АлЭС» АҚ ұзақмерзімді даму стратегиясына сәйкес 2014-2022 жылдары жаңарту, қайта құру және өндірістің ағымдағы күйін қолдауға жылпы сомасы 111,4 млрд. теңгені құрайтын күрделі салымдар жоспарланып отыр.
Жылу энергиясын өндіру бойынша инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру щеңберінде – 13,1 млрд.теңге жоспарланып отыр.
Реттелетін қызметтер тарифтері инвестициялық салымдардың қажетті көлемін толық мөлшерде өтей алмайды.
Осыған байланысты «АлЭС» АҚ қызметінің қаржылық – экономикалық нәтижелерін талдау барысында реттелетін қызметтер бойынша тарифтердің шығын бөлігінің тұрақты артып отырғаны анықталды. Жылу энергиясын өндіру және химиялық тазартылған суды дайындау шығындарының артуына отынмен қамтамасыз ететін және оны тасымалдайтын басқа ұйымдардың ұсынатын қызметтері бағасының артуы ықпал еткен.
Дегенмен де, жасалған баяндама «Алматы электр стансалары» АҚ-ның өткен жылы айтарлықтай қарқынды жұмыс істегені көрініп тұрды. Оның үстіне қазір «жұмыс істейтіндер жұрт алдында есеп беруден қашпайды» дейтін заман болады ғой.

Құттыбек АЙМАХАН