Алматыда жылу да да, жарық та болады

Алматы қаласы мен оңтүстік өңірде жылу және жарық беру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. «Самрұқ-Энерго» АҚ еншілес кәсіпорындары қысқа толықтай дайын екендігін көрсетті.
Қарасай ауданындағы электр қуатын бөлетін «Ерменсай» стансасы Алматы қаласының оңтүстік бөлігін, сондай-ақ қала маңындағы ауылдарды жарықпен үздіксіз қамтамасыз етуде. Соңғы үш жылдың ішінде іске қосылған «Ерменсай», «КазГУ», «Медеу» және «Шымбұлақ» қосалқы стансаларының толық қуатпен жұмыс істеуінің арқасында тұтынушылар электр энергиясынан тапшылық көрген жоқ. Бұл объектілерде технологиялық процесс толықтай автоматтандырылған және компьютерлендірілген, соның нәтижесінде қазір электр стансасында апатты жағдайлар болмайды. Жөндеу бригадаларына жұмсалатын шығындар азайған, сондай-ақ жарық өшпейтін болғандықтан, тұтынушылардан да шағым түспейтін болды.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Николай Тушинскийдің айтуынша, 2010 жылы пайдалануға берілген «Ерменсай» стансасы Алматының айналасында салынып жатқан энергошеңберінің негізгі бөлігі болып саналады. Оның негізгі мақсаты – сыртқы қуат көздерінен желімен келетін 220 мың вольт электр энергиясын 110 және 10 КВт қуаттылығына айналдырып, басқа қосалқы стансаларға бөліп отырады. Мұндағы трансформаторлар, кешенді бөлу құрылғысы, микропроцессор сияқты жабдықтар толықтай Германияның, Францияның құралдарымен ауыстырылған.
Бұрын КСРО кезінде жасалған трансформаторлар маймен жұмыс істейтін, соның салдарынан өрт шығу қаупі күшті еді. Ал қазіргі трансформаторлар газбен істейді. Кабельдер бұрынғыдай бағана басымен тартылмайтын болды, енді олар жердің астымен өтеді. Кабель өрілген полиэтиленнен жасалған, сондықтан оны пайдалану қауіпсіз және сапасы да жақсы. Ескі энергетикалық объектілерде жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілетін, ал жаңадан салынған стансаларға 9 жылда бір рет жөндеу жүргізілетін болады. Ал контакт жүйесі 25 жылда бір рет тексеріледі. Сондықтан бұл объектілерді қадағалап отыратын кезекші керек емес, қаланың басқа бөлігіндегі орталық пультте отырған диспетчер бәрін бақылап отырады.
Алматы қаласында жоспарлы жылу беру маусымы биыл 15 қазанда басталды. Осы мерзімге «Алматы электр станциялары» АҚның барлық кәсіпорындары жинаған отынның қажетті пайдалану қоры 514 мың тонна көмір, 45 мың тонна мазутты құраған. Жылу маусымы басталмай тұрып «АлЭС» (Алматы электр стансалары) АҚ барлық энергетикалық нысандарында – 19 энергетикалық және 19 су жылыту қазандары, 13 бу турбинасы және 20 гидротурбинасы жөндеу жұмыстары өткізілген. Жөндеу шығындарына 3,9 млрд теңге жоспарланған екен, өткен 10 айдың ішінде оның 3,71 млрд теңгесі (95%) игерілген. Сондықтан жылу жүйесіндегі негізгі объектілердің барлығы қысқа төтеп береді деген сенімде.
Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерді жылытатын ЖЭО-1 кәсіпорыны 1935 жылы салынған, еліміздегі ең байырғы қуат тораптарының бірі. ЖЭО–1 жабдықтарының ескіруі және негізгі қорларының тозуы Алматы қаласын энергиямен қамтамасыз ету жүйесінде ықтимал жағымсыз өзгерістердің орын алуына объективті негіз бола алады. Жақын жылдарда 1–ЖЭО –ның негізгі жабдықтары парктік ресурстарын өтеуде. Мұнда отынның үш түрі: көмір, газ, мазут пайдаланылады. Қазандықтың іргетасы қаланған кезде объект қаланың сыртында орналасқан, ал қазір Алматының қақ ортасында тұр. Соңғы жылдары мұнда көп жұмыс атқарылды: қосымша ыстық су тұратын бойлер және сыйымдылығы 5 мың текшеметрлік 4 аккумоляторлық қазан орнатылған. ЖЭО-1 және қаланың шетінде орналасқан ЖЭО-2 арасын қосатын жылу магистарлі қала объектілеріне түсетін күшті азайтады. «АлЭС» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Мұхамед-Рахимовтың айтуынша, алдағы уақытта ЖЭО-1, ЖЭО-2, Өтеген батыр ауылындағы ЖЭО-3 сондай-ақ Қарасай ауданындағы Каскад ГЭС объектілерінің барлығына реконструкция жасалатын болады.
– Қыстың қаһарына біздің кәсіпорындар толықтай дайын тұр, - дейді «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Валерий Ли, - сондықтан алматылықтар алаңдамай-ақ қойсын: біз әр үйге жылу мен жарықты жеткізуді жүзеге асырамыз. Естеріңізде болса, бұдан бірнеше жыл бұрын жабдықтардың ескіруі салдарынан апаттар жиі болатын, электр энергиясы күн сайын дерлік өшіп қала беретін. Бүгінде Алматының айналасын қоршай энергетикалық тораптарды салдық. Жақын арада Алматыны айналып өтетін шеңберді тұйықтайтын «Бесағаш» стансасын іске қоспақпыз.

Қайыржан ТӨРЕЖАН