Шаhар жылу мен жарықтан таршылық көрмейді

Шаhарды жарық және жылумен қамсыздандыру мәселесінде үлкен маңызға ие болып отырған «Алматы Электр Станциялары» АҚ-ның қуат көздерінің толық жөндеуден өтуі – ерекше жайт. Себебі, бүкіл Алматы қаласы аумағының 72 пайыз бөлігін электр қуатымен және 70 пайыз бөлігін жылу қуатымен қамтамасыз етіп келе жатқан компания 4,5 млрд. теңгеге қуат қондырғыларын түгелімен жөндеуден өткізді.

Соның нәтижесінде, генераторлық қондырғылардың апаттық жағдайға душар болмауы үшін қажетті қосымша жанармай, химреагенттер және энергия көздерін қолданысқа енгізуге қажетті қосалқы бөлшектер қоры құрылды. Сонымен бірге, айлық қосымша қор есебінде 454,1 мың тонна көмір мен 43,4 мың тонна мазут дайын тұр. Бұған қоса, қуат көздері уақытының айтарлықтай ұлғаюына байланысты бірінші, екінші және үшінші ЖЭС-та қажетті жаңа құрылғылар енгізіліп, өндірістік қуатын арттырды.
Ал былтырғы қараша айында компания ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті тарапынан 2011-2012 жылдардың күзгі-қысқы жылыту маусымдарына дайындық жөніндегі Паспортына ие болды.
Өткен жылдың желтоқсан айындағы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр қуатының тапшылығына байланысты «АлЭС» АҚ «Алматыэнергосбыт» ЖШС-нің өтініші бойынша келісім-шарт міндеттемелерінен бөлек, қараша және желтоқсан айларында екі мәрте 19 пайыздан электр қуатын артығымен өндірді. Бұл Алматы тұрғындарының электр қуатынан ешқандай шектеуге ұшырамауына жағдай жасады.
Бүгінде өндіріс қуатын арттыруға бағытталған 2-ЖЭС-тегі бойлер мен №8 қазандық агрегатының және 1-ЖЭС-тағы Кербұлақ СЭС-нің пайдаланылуға берілуі компанияның басты назарға алған жобалары болып отыр. Бұлардан өзге де толағай табыстарын тізбелей келе, компания басшылығы Алматы аймағын электр және жылу қуатынан қамсыз қалдырмаймыз деп сендіруде.
Жерасты жолы да жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіледі
Қаланың орталық бөлігі мен метрополитенді жабық тұрпатты 110/10-10 кВ-тық «Алатау» және «Отырар» қосалқы стансаларын жылумен және жарықпен толық қамтамасыз ететін болды. Мұндағы кабельдік желілер еуропалық жоғары сапалы өнімдер. Мәселен, «Алатау» ҚС-да франциялық «PRYSMIAN», ал «Отырар» ҚС-да германиялық «NEXANS» фирмаларының өнімдері пайдаланылған. Сондықтан қолайсыз ауа райында немесе атмосфералық ауытқуларда бұл кабельдер әлдеқайда сенімді қызмет ете алады. Сондай-ақ, аталған стансалардың өзге де бірқатар қондырғылары неміс, кәріс технологиялары болып табылады. Бұл өнімдер, бір жағынан жұмысшыларды қызмет бабында электр қуатынан барынша қауіпсіз етсе, екінші жағынан, пайдалану-жөндеу жұмыстарының шығындарын азайтады, тіпті, оларды жөндеу 20-25 жылда 1 рет қана жүргізіледі.
Сонымен қатар, «Алатау» ҚС-да ТРМН (SFZ) тұрпатты қуаты 40 мың кВА және «Отырар» ҚС-да дәл сондай қуаты 63 мың кВА ауа мен майды табиғи түрде айналдырып тарататын 110 кВ-тық екі күшейтілмелі трансформатор орнатылды. Мұндағы басты атап өтерлігі, трансформаторлар жарылыстар мен өртті болдырмайтын франциялық SERGI типіндегі жүйемен толықтырылған.
Аталған екі қосалқы станса мұнан басқа да тағы біраз еуропалық жоғары сапалы электр құрал-жабдықтарымен толықтай жарақтандырылған. Қандай да бір ақау орын алған жағдайда замануи күзет дабылдарын автоматты түрде іске қосатын электронды тетіктер де қарастырылған. Бұндай заманның озық техникалары стансаларының қауіпсіз әрі ақаусыз сенімді түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ететін болады.

Берік СӘДУАҚАС