Алматы электр қуатынан тапшылық көрмейді соңғы 5 жылда 22 электрстансасы пайдалануға берілген

Энергетика саласы – бұл бүгінгі таңда бүкіл әлем қауымдастығының бас ауыртып отырған маңызды мәселесі. Өйткені, мына заманауи өркениетті дәуірде бәсекеге қабілетті болу үшін қандай да бір мемлекет, ең алдымен, осы күрделі саласын қымтап алу керек. Инновациялық индустрияны алға жетелеуде болсын, адам капиталының жайлы өмір сүруін қалыптастыруда болсын, энергетика саласының атқарар міндеті өте ауқымды.

Міне, осы бағытта шаhар шаруашылығында соңғы 3-4 жыл бедерінде көптеген іргелі істер қолға алынуда. Тек 2011 жылдың өзінде 5 электрстансасы пайдалануға берілді. Қаланы қуат көзімен жандандырып отырған №2 Жылу қуаты орталығына (ТЭЦ-2) 2009-2011 жылдары 30 жылдан кейін күрделі жөндеу жүргізіліп, оның бірінші кезеңіне 3 млрд. 296,5 млн. теңге қарастырылды. Бұл қомақты қаржыға қауқары қашып, тозығы жеткен турбоагрегаттар, құрылғы-жабдықтар бүтіндей қайта жасақталды, реконструкциядан өтті. Енді жылына 200 млн.кВ/ч қуатын өндіріп, Алматы аймағы энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасын бекіте түседі, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бүгінде бұл №2 Жылу қуаты орталығында қосымша тағы ірі қайта жасақтау жұмыстары жүріп жатыр.
Құрылысы 2010 жылы басталған үшінші кезеңде 13 млрд. теңгенің жұмысы іске асырылатын болатын. Сонда, қала тұрғындары, экономика екпіні электр қуатынан алдағы 30-40 жылда тапшылық көрмейтін болады.
Өздеріңізге белгілі, өткен 2011 жылы Оңтүстік Қазақстанда орын алған электр қуатының тапшылығына байланысты қалада оған сұраныс артып, «АлматыЭнергияТарату» компаниясының өтінішіне орай, «АлЭС» бірлестігі электр қуатын өндіруді 36 пайызға ұлғайтқан. Нәтижесінде, алматылық тұтынушылар қуат жетіспеушілігін сезінген жоқ. Бұл туралы журналистердің басын қосып Алматы аймағын электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «АлЭС» компаниясының бас инженері Нұрлан Мухамед-Рахым айтып берді. Арнайы өткен пресс турда БАҚ өкілдерін «Самұрық-Энерго» АҚ атқарушы директоры Есберген Әбітаевтың өзі бастап жүріп, № 2 Жылу қуаты орталығында қолға алынып жатқан жобалармен жан-жақты таныстырды.
- Қысқы маусымда халықтың жылудан, судан, жарықтан қиналып қалмауын Мемлекет басшысының өзі тұрақты қадағалап отыр. Кеше ғана өткен Үкімет кеңесінде бұл бағытта қадау-қадау тапсырмалар берді. Ал енді осы №2 ЖҚО-на келсек, бұл Қазақстандағы ең ірі қуат кешені. Қазір мұнда ірі жобалар жүзеге асуда. Өйткені, Алматының халқы жылдан-жылға өскен сайын, электр қуатына сұраныс та артуда. Соңғы 5 жылда аймақта 22 электр стансалары пайдалануға берілді, тағы 5 стансаның құрылысы жүруде. Нәтижесінде, қала толық элетрстансаларының айналымында қалады, - деді компания жетекшісі.
Бұл күні журналистер қауымы ЖҚО-нан басқа «Алматы Жарық компаниясы» АҚ-ның бірқатар нысандарында болып жұмыс барысымен танысты.
Ол жөнінде газеттің келесі санында байяндайтын боламыз.
Керек дерек
Құрылысы 2010 жылы басталғанүшінші кезеңде 13 млрд.теңгенің жұмысы іске асырылатын болатын. Сонда , қала тұрғындары, экономика екпіні электр қуатынан алдағы 30-40 жылда тапшылық көрмейтін болады.

Берік СӘДУАҚАС