Triple A немесе көпбалалы басшының табыс сыры

Triple A немесе көпбалалы басшының табыс сыры

Энергетика саласының өз «Triple A» қаһарманы бар. «Алматы электр станциялары» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, 4 баланың анасы Әсел Амантайқызы Арғынбаеваны әріптестері әзіл-шыны аралас осылай атайды.

Жұмысына зор жауапкершілігі мен жоғары біліктілігі, іскерлік қабілеті мен даналығы кейіпкерімізге ұжымында осындай абырой-бедел сыйлап отыр. Кәсібилік пен мол тәжірибе, адамдармен тіл табыса білу өнері қамқор анаға ірі энергетика компаниясының қаржылық-экономикалық блогын табысты басқаруға септігін тигізуде. Жаңалыққа жаны сергек жетекші тың жобаларға бастамашы болып, өзгерістерге белсене атсалысуда. Нәтижесінде қызмет үдерісі оңтайланып, алға қойылған биік белестерді бағындыруға қажет нақты әдіс-тәсілдер қолға алынуда. Айтпақшы, Әсел, қай істе болсын шығармашылық көзқарас танытады екен.  

Тым қатты мақтап кетті десеңіздер, сөз кезегін Басқарма төрағасы орынбасарының қарамағындағы қызметкерлерге берелік.

«Әсел Амантайқызы бірегей қасиеттер иесі ретінде әйел басшы туралы қалыптасқан кейбір жаңсақ түсініктерге аямай соққы жасауда. Жаратылысынан білімге құмар ол, өзін ұдайы жетілдіріп, саналуан ғылым бағыттарын зерделеп отырады. Мысалы ақпараттық технологияларды алайық. Әсел Амантайқызы мұнда да қалыс қалмай, компаниядағы автоматтандыру талпыныстарына қозғаушы күш болуда. Ұжымдастарының еңбегін жеңілдетуге тырысады. Дегенмен өзіне де, айналасындағыларға да талапшыл, компания мүддесін қорғауда «қадалған жерден қан алмай қоймайды», - деп күледі «АлЭС» АҚ бас бухгалтері  Жанар Алтыбаева.

 Экономика басқармасының басшысы Әзиза Сабырқұлова, кейіпкеріміздің еңбекқорлығын ерекше тілге тиек етіп, бақытты ана, іскер әйел сипаттарын өнеге тұтатынын жасырмады. Оның айтуынша, Әсел Амантайқызы мамандығына қатысты халықаралық ең озық деген сертификаттау шараларынан сәтті өтіп, жыл сайын Қазақстан энергетикасын дамытуға қосқан үлесі атап өтілуде.

Тариф бөліміне жетекшілік ететін Гауһар Ибраимбекова керек кезде сырласып, қасындағының әңгімесін тыңдай білетін осындай тамаша жанмен бірге жұмыс істеп жатқанына алғысын жеткізуге асықты.

Осы тұстан Әселдің жүріп өткен жолы қандай дегенге тоқталсақ, жастайынан көшбасшы оған, ер азаматтар арасында мойындауға лайықтығын дәлелдеудің оңайға соқпағаны анық. Алматыда туған, мектепті «алтынға», содан кейін әйгілі «Нархозды» қызыл дипломға бітірген.

«Шынтуайтында өмір бойы мінсіздікке ұмтылып, талапқа сай болмай қаламын ба деп қорыққан екенмін. Тұрмысқа төртінші курста шыққаным сол, 29 маусымда диплом табысталып, 1 шілдеде тұңғыш ұлымызды дүниеге әкелдім», - деп тарқатқан энергетиканың «Tрипл А-сы» ана бақытын сезіне жүріп, жүрегінің түкпірінде мәнді мансап құру арманы да еш өшпегенін айтады.

Содан университет қабырғасында қатар оқыған құрбыларын қуып жеткісі келіп, белгілі әуе компаниясының бюджеттік жоспарлау бөліміне орналасқан. Онда ұзақ үзілістен соң қарайып қалғанын сезіп, қайта қалың оқулықтармен қауышқан. Алайда уақыт өте барлығы реттеліп, тіпті жұмыс арасында қолы босап, компьютерлік бағдарламаларға үңіле бастаған.  

Төрт ұлдың бақытты анасы бәрібір отбасы қызметтен биік тұратынын түйсінгенін келтіреді. Бүгінгі таңда үлкені 23, екінші 20 жасқа толып, ІТ-технологияны меңгерсе, 14-тегі үшіншісі Назарбаев зияткерлік мектебінде оқуда. 10 жастағы кенжесі де осы оқу орнын қалауда. 

«2011 жылдан бері «АлЭС» АҚ-да еңбек етіп келемін. Бойыма көп нәрсе дарытқан компаниямды қатты жақсы көремін. Ұраным – мінсіздікте шек жоқ. Өзімнің және қарамағымдағылардың еңбек өнімділігін жақсартуды, уақытты тиімді пайдалануды ойлаймын. Жұмыстан кеш қайтуға қарсымын. Егер ондай ахуал орын алса, бұл үлкен жүктемені немесе жұмыс күнінің олқы ұйымдастырылғанын аңғартады. Жүктеме демекші, ниет болса оны да еңсеруге әбден болады. Бұл орайда көмекке ІТ-технологияларды көмекке шақырамыз. Ұжымымыз мықты, нағыз командаға айналдық!», - дейді Әсел Амантайқызы бізбен жайдары әрі жинақы күйде қоштасып.

Айгүл ҚОРҒАНБАЕВА