Әлемдік қоғамдастықтың төмен көміртекті даму стратегиясы немесе экономиканы декарбонизациялау. 1 бөлім

Климаттың өзгеруі адамзат үшін маңызды сынға айналды, сондықтан қазіргі және болашақтағы қауіптер мен тәуекелдерге дайын болу қажет, себебі бұл проблема қоршаған ортаға да, елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да әсер етеді. Бүгінде бүкіл әлем ғалымдары, сарапшылары, саясаткерлері мен кәсіпкерлері ұлттық экономикаларды декарбонизациялаудың тиімді жолдарын және "жасыл" технологияларды енгізу механизмдерін зерттеп жатыр. Пікірсайыстар климаттың өзгеруімен байланысты жойқын жағдайлар, соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы күрт жылынуға, Оңтүстік Американың кейбір бөліктеріндегі су тасқынына және әлемдегі басқа да экологиялық жағымсыз құбылыстарға байланысты туындайды.

Париж келісіміне сәйкес, бірқатар дамыған және дамушы елдер ұлттық стратегиялар мен оларды іске асыру жоспарларын қабылдау арқылы энергетикалық ауысу проблемасының шешімін табуға тырысуда. Мәселен, Қытай ЖЭК жедел дамыту, энергияны тұтынуды бақылауды күшейту, өнеркәсіпті, қала құрылысын, көлікті, ауыл шаруашылығын "жасыл" және төмен көміртекті трансформациялау есебінен көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуді жоспарлап отыр.

2050 жылға дейін төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеген Еуроодақ елдері көміртегі өнімдерін импорттаушыларға қойылатын ұлттық міндеттемелер мен талаптарды біртіндеп қатаңдатуда.

Германия алғашқылардың бірі болып 2050 жылға дейін Төмен көміртекті даму стратегиясын ұсынды және 2019 жылы Климаттың өзгеруі туралы федералды заң қабылдады. Мемлекет энергетикалық секторды қайта құру жолын таңдады, ЖЭК-ті әрі қарай кеңейту және қазбалы отыннан алынатын электр энергиясын өндіруден біртіндеп бас тартуды жоспарлауда, бұл энергетикалық сектордағы шығарындыларды 1990 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай 62%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

Норвегия, мәселен, төмен көміртекті технологияларға қолдау білдіріп отыр, парниктік газдар шығарындыларына салықты 1 тонна үшін 240 долларға дейін арттыруды, 2022 жылдан бастап нөлдік шығарындысы бар жеке автокөлікке, 2025 жылдан бастап қалалық автокөлікке көшуді көздейді.

Францияның төмен көміртекті даму перспективалары негізінен атом энергетикасынан ЖЭК-ке көшуге, қазбалы отынды ЖЭК-ке тез ауыстыруға, сондай-ақ үй шаруашылықтарынан өнеркәсіптік кәсіпорындарға дейінгі барлық деңгейлерде энергия үнемдеу негізінде технологияларды дамытуға, энергия жеткізілімдерін әртараптандыруға және инвестициялар мен реформалардың орынды үйлесуіне негізделеді.

Еуропалық Одақта энергетикада сутекті және метан-сутегі қоспасын пайдалануды көздейтін табиғи газ негізінде неғұрлым таза технологиялар әзірленуде, бұл отынның энергетикалық тиімділігін елеулі арттыруға және парниктік газдар шығарындыларын азайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бу-газ циклы және термоядролық синтез негізінде энергия өндіру технологияларын дамыту жалғасуда.

Төмен көміртекті дамудың қабылданған стратегияларын іске асыру көптеген мәсерлерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, атап айтсақ: қоршаған ортаның сапасын және халықтың экологиялық әл-ауқатын жақсарту, климаттың өзгеруінің жойқын салдарларын болдырмау, экономиканың тұрақты өсуі, технологиялық даму мен бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейі, өнеркәсіптің жаңа салаларының (оның ішінде сутегі энергетикасы мен электр көлігі) пайда болуы мен дамуы, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру, экономиканың көміртекті пайдалануын 2 еседен астам мөлшерге азайту және т. б.