Қазақстанның жаңа экологиялық кодексі: қағидалар, өзгерістер, жаңа енгізулер

«Адам. Қоғам. Табиғат» шығарылымдарының алдыңғы айдарында экологиялық қауіпсіздік жүйесін қарастырдық, бұл шығарылымда негізгі қағидалары негізінде әзірленетін Қазақстан Республикасының жаңа экологиялық кодексімен танысуды бастаймыз. Мемлекет Басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ҚР Энергетика министрлігі жаңа редакциядағы Экологиялық кодексті (бұдан әрі - Кодекс) әзірлеуге кірісті.

Кодекс жобасында ерекше назар Экологиялық реттеу қағидаларының бірі ғана емес, жалпы қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік және халықаралық саясаттың «ластаушы - төлейді» қағидасын ашуға және қолдануға бөлінетін болады. Әлем елдерінің басым көпшілігінде бұл қағида экологиялық құқықтың жалпы қағидасы ретінде танылады және ол ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейде іске асырылады.

Атаулы қағида алғаш рет ресми түрде 1972 жылы айтылған және оның негізгі функциясы – алдын алу және бақылау жөніндегі іс-шараларға арналған шығындарды бөлу болып табылады. Яғни, ластаушы қоршаған ортаның қолайлы жай-күйін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік ұйымдар тағайындаған іс-шараларды орындау жөніндегі шығынтарды көтеруге тиісті болады. Бұл қағида сондай-ақ 1992 жылы Рио-де-Жанейро қаласында №16 қоршаған орта және орнықты даму жөніндегі декларациясында баяндалған. Қазақстан Республикасы Рио-де-Жанейроның қоршаған орта және орнықты даму жөніндегі декларациясына қол қойған мемлекеттің бірі бола отырып, бұл құжаттағы қағидаларды ұстануға өзіне міндеттеме алады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында «ластаушы төлейді» қағидасы өте шектеулі қолданылады және халықаралық деңгейде осы қағиданы интерпретациялауға сәйкес әрдайым қолданылмайды. Іс жүзінде, Қазақстанда осы қағиданы іске асыру эмиссия үшін төлем алуға және қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіріп алуға ғана әкеледі. Бұл орайда эмиссия үшін төлем және залал үшін өтемақы түрінде бюджетке түсетін қаражаттың нысаналы мақсаты жоқ және экологиялық мәселелерді шешуге көп дәрежеде жұмсалмайды, соның нәтижесінде қол жеткізуге «ластаушы - төлейді» (ластануды болдырмау, қысқарту және бақылау) қағидаты бағытталған мақсаттарға қол жеткізілмейді. Қазіргі таңда «ластаушы - төлейді» қағидасы бүкіл әлемде тұтастай алғанда, экологиялық жауапкершілікті түгел қамтитын қағидасы ретінде әлдеқайда кеңірек қабылданады. Ластаушының ластанудың алдын алуға және бақылауға арналған шығындарды ұстаудан басқа, ол сондай-ақ оның қоршаған ортаға келтірілген залалды жоюға заң алдында жауапкершілікке тартылады.

Осы қағиданың алдын алу функциясы ластаушы ластануға байланысты (салықтар, айыппұлдар, залалды өтеу және басқалар) көтеруге мәжбүр болған шығындар, осындай ластануды жалғастырудан және оларды қысқарту жөнінде шаралар қабылдамаудан түсетін пайдадан жоғары болған кезде ластану көлемін қысқартуға жол беруге негізделеді. Алдын алу шараларына арналған шығындар да әлеуетті ластаушының өзі көтеретінін ескере отырып, ол тәуекелдерді азайтуға және тәуекелдерді басқарудың тиісті бағдарламасына қаржы салуға ынталандырады. Сондай-ақ, бүгінгі күні қолданыстағы «ластаушы төлейді» қағидасын кеңінен түсіндіру аясында ластаушыларға қоршаған ортаға іс жүзінде зиян келтіретін адамдар ғана емес, сонымен қатар ластанулар болған (әзірше) жағдайда қоршаған ортаға қауіп төндіретін адамдар да (мысалы, әлеуетті зиянды өнімдерді өндірумен және таратумен айналысатын компаниялар) жатады. Белгілі бір жағдайларда өнімнің соңғы тұтынушысы да ластаушы болып табылады және мұндай жағдайда ластаушы өнім бағасының құрамында ластануды болдырмау және бақылау шығыстарын төлей отырып, жанама түрде «төлейді». Тұтынушының экологиялық жауапкершілігін арттыру үшін көптеген елдер экологиялық «өнімге салық» алады: мысалы, Германияда (1999 жылдан бастап) және Чехияда (2008 жылдан бастап) газға, қазбаға, қатты отынға, электр энергиясына салық алынады; Жапонияда (2000 жылдан бастап) мұнайға, мұнай өнімдеріне, газға, көмірге, дизель және авиациялық отынға, электр энергиясына салық алынады.

Осындай салықтардың негізгі мақсаты – бюджетті толтыру емес, тұтыну тәртібін өзгерту, неғұрлым экологиялық өнімге көшу және қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға арналған амалдардың бірі болып табылады. Бұл ретте барлық жиналған «экологиялық салықтар» қоршаған ортаны қорғауды қаржыландыруға ғана жіберіледі.