Қоршаған ортаға ықпал ететін негізгі «ластаушы заттектер» 1

Газетіміздің осы нөмірінде парниктік газдар туралы әңгіме қозғаймыз. Ауа құрамында болатын парникті газдар Жер бетінен шығатын жылудың бір бөлігінің жерге жақын ауа қабатында қалуына себеп болады. Парникті газдар концентрациясы көп болған сайын, ғаламшар беті соғұрлым қызады. Көптеген миллиондаған жылдар бойы парникті эффект тудыратын газдар құрамы жылу тепе - теңдігін қамтамасыз ететін мәнге келіп жетті. Адамзат өнеркәсіпті қарқынды дамытқанға дейін Әлемдік мұхит бетіндегі булану, жаңартаулар және орман өрттері сияқты табиғи құбылыстар парникті газдардың негізгі көздері болатын. Индустриалды эра басталғаннан кейін парникті газдар қазба отынды жағу (көмірқышқыл газ), күріш өсіру және мұнай өндіру (метан), аэрозольдарды пайдалану, хладагенттердің (фтор көмірсулары) ағуы, ғарыш кемелерін ұшыру (азот оксидтері), автокөлік қозғалтқыштарынан шығатын түрлі қоспалар (озон) нәтижесінде ауаға енетін болды. Осыған қоса өнеркәсіптік қызмет көмірқышқыл газының негізгі табиғи сіңіргіштері – орман алқаптарының қысқаруына алып келді.

Парникті газдар тізіміне келесі қосылыстар кіреді: Су буы — ең кең тараған парникті газ. Оның ауа құрамындағы концентрациясының артуы туралы деректер жоқ. Карбон диоксиді (көмір қышқыл газ) (СО2) — жаһанды жылудың 64% үлесін құрайтын климаттағы өзгерістердің маңызды көзі. Ауаға шығарылатын көмірқышқылы газының негізгі көздері:

  • өндіріс, тасымалдау, қазба отынды өңдеу және пайдалану (86%);
  • тропикалық ормандар мен биомассаны басқа да өртеу (12%);
  • басқа да көздер (2%), мысалы, цемент өндірісі және көміртек моноксидінің тотығуы. Азот шала тотығы (N2O) — Киота хаттамасының маңыздылығы жағынан үшінші парникті газы. Оның үлесіне жаһанды жылудың шамамен 6% тиесілі. Химия өндірісінде, ауыл шаруашылығында және т.б. минералды тыңайтқыштарды өндіруде бөлінеді.

Перфторкөміртек (ПФК) – құрамындағы фтор ішінара көміртек орнын басатын көміртекті қосылыстар. Осы газдар эмиссиясының негізгі көздері алюминий, электроника және еріткіштер өндірісі. Гидрофторкөміртек (ГФК) – құрамындағы галогендер ішінара сутегі орнын басатын көміртекті қосылыстар. Күкірт гексафториді (SF6) – электроникада электр оқшаулағыш материал ретінде пайдаланатын парникті газ. Өндіріс және пайдалану барысында ауаға шығарылады. Ауа құрамында ұзақ сақталады және инфрақызыл суәлеленудың белсенді сіңірушісі болып табылады. Сондықтан осы газдың аздаған мөлшерінің өзі болашақта климатқа ұзақ әрі тұрақты ықпал етуінің ықтималдылығы көп.