«Болашаққа бірге!» жастар форумы

«Келешек» Жастар кеңесі, «Алматы қаласы кәсіподақ орталығы» КАБ, Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы өткен жылдың соңында жастар форумын өткізді. Форумға қатысушылар - Алматы қаласы әкімдігінің басшылары, жастар ісі жөніндегі комиссия мүшелері, Кәсіподақтар Федерациясы Ардагерлері кеңесінің, «Нұр Отан» партиясының, «Жас Отан» жастар қанатының, Жастар конгресінің, «Келешек» кәсіподақтар жастар қанатының өкілдері, Алматы қаласы кәсіподақ ұйымының белсенділері.

«АлЭС» АҚ атынан аталған шараға «Жарқын болашақ» жастар ұйымының белсенділер тобы қатысты. Олардың ішінде Фариза Ботақараева, «АлЭС» АҚ «Жарқын Болашақ» ЖҰ төрайымы, ЖҰ белсенділері – Мирас Қияқов, Әйгерім Дүйсенгалиева, Дина Карабалина және Шыңғыс Рахатов.

Ісшараның негізгі мақсаттары: Федерацияның жастар саясатын іске асыру, жастарды кәсіподақ қозғалысына жұмылдыру, жастардың шешім қабылдау және кәсіподақ әрекеттерін жүзеге асырулары үшін жағдай жасау, кәсіподақ ұйымдарының жастар саясаты саласындағы жұмыс тәжірибесімен алмасу және мемлекеттік, атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың назарын жастар проблемасына аударту.

«Мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің инспекторы ретінде біздің салада ең әуелі қызметкер еңбегінің қауіпсіз болуы және қорғалуы басты ұстанымымыз екенін айтамын. Қатысқан форум барысында да еңбек қауіпсіздігіне және еңбектің қорғалуына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Біздің компаниямыздың бұл саладағы тәжірибесі мол. Ірі өндіріс орны болғандықтан, жұмыстың барлық деңгейінде қауіпсіздік техникасы ережесінің сақталуына ерекше мән береміз. Мен де өз тәжірибеммен бөлістім, компаниямыздағы әлеуметтік қорғау жүйесінің қалай жұмыс істейтіні туралы айттым. Басқа ұйымдармен салыстырғанда, біздің компаниямыздағы әлеуметтік бағдарламалардың ұтымды әрі оңтайлы екендігіне көз жеткіздім. «Үздік ұжымдық шарт» сияқты марапатымызды мақтан тұтамыз», - деді жастар ұйымының белсенді мүшесі Шыңғыс Рахатов.

«Өткен жылы мен Атырау қаласында өткен Қазақстан жастарының Республикалық Конгресіне қатыстым. ҚР және Атырау облысының еңбекшіл жастарының, ҚТ проблемалары, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, кадр резерві және біліктілікті арттыру мәселелері талқыланды. Тәжірибемен алмастық. Бұл «Келешек» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі республикалық жобасының бастамасы болды. Бұдан кейін ҚР барлық белсенді жастарын біріктіру мақсатында барлық өңірлерді қамту жоспарланған. Оған да қолымыз жетіп келеді.

 Біз Алматы қаласының ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларындағы ұйымдар арасында өзара тығыз байланысты орната алдық.

Форумда біз Алматы қ. жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен 2018 жылы өткіземіз деп жоспарлаған жобаларды талқыладық. Алматы қ. жастары үшін тегін орталықтардың ашылғаны туралы білдік», - деді «Жарқын болашақ» ЖҰ төрайымы Фариза Ботақараева.