«АлЭС» АҚ-да дуальды оқыту: теориясы және іс-тәжірибесі

2018-07-12 072950

«Алматы электр станциялары» АҚ-да Алматы энергетика және байланыс университетінің 3-курс студенттеріне мемлекеттік үлгідегі жұмысшы мамандығын иеленген куәліктер тапсырылған салтанатты рәсім өтті.

Дуальды оқыту жүйесі бүгінгі таңда Қазақстандағы жұмысшылар мен техникалық мамандарды дайындаудың бірден бір тиімді нысаны болып табылады. Дуальды оқытудың қағидаттары барлық жоғары оқу орындарында және колледждерде қолданылып келеді.

Алматы энергетика және байланыс университеті алғашқылардың бірі болып дуальды оқытудың неміс білім беру жүйесі бойынша мамандарды дайындай бастады. Осы жылдың 23 сәуірінде «Алматы энергетика және байланыс университеті» КАҚ және «Алматы электр станциялары» АҚ арасында дуальды оқыту бойынша өндірістік іс-тәжірибеден өткізу туралы шарт жасалды.

2018-07-12 073013

Ағымдағы жылғы мамыр айының 21 мен маусым айының 22 аралығында Жылу энергетика және жылу техника институтының «Жылу энергетика» мамандығы бойынша 39 студенті «АлЭС» АҚ-да өндірістік іс-тәжірибеден өтті: олар екі апта 1-ЖЭО-да іс-тәжірибелік оқуда болды, үш апта Қызметкерлерді даярлау бөлімінде теориялық оқудан өтті, қосымша түрде оларға 3-ЖЭО-ға экскурсия ұйымдастырылды.  

           Бұл жайында керемет ойды іс жүзінде жүзеге асырған Жылу энергетика және жылу техника институтының директоры, т.ғ.к., доцент Балжан Бахтиярдың айтуы бойынша: «Мен ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Жылу энергетика және жылу техника институтының директоры лауазымында қызмет атқарамын. «Жылу энергетикалық қондырғылар» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Андрей Кибаринмен бірге бастаманы қолымызға алып, серіктестермен ынтымақтастық құруға келістік. Біздің білім беру мекемеміз өндіріспен іскерлік ынтымақтастық құруға негізделеді. Мұндай нысан оқу үрдісінде теория мен іс-тәжірибені қатар алуға мүмкіндік береді. Білім ала отырып, таңдаған кәсібіне дағдылану студент үшін таптырмас дүние емес пе?! Біз тәжірибеден өтушілерді кәсіптері бойынша кішігірім үш топқа бөлдік: қазандық жабдығы бойынша машинист-қараушы; турбина жабдығы бойынша машинист-қараушы және химиялық талдау зертханашысы. Студенттеріміз іс-тәжірибеден өтуге таңғы сағат тоғызда келіп, кешкі бесте қайтып жүрді. Іс-тәжірибеден өтушілер арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілді. Әр топқа студенттерге оқыту жүргізетін жетекшілер бекітілді».

Студенттер іс-тәжірибелік оқудан өткен кездерінде станция жайлы жалпы мағлұмат алды, отын-көлік цехының, турбина және химиялық цехтарының жұмыстарымен танысты. Студенттер бес күндік іс-тәжірибеден мамандықтары бойынша кәсіби құзыретті алуға арналған білім беру бағдарламасын игерді.

2018-07-12 073029

Адам ресурстары басқармасы қызметкерлерді даярлау бөлімінің бастығы Жанар Сабикенова: «Іс-тәжірибеден өту барысында 17 студент турбина жабдығы бойынша машинист-қараушы, 15 адам қазандық жабдығы бойынша машинист-қараушы, сондай-ақ жеті студент химиялық талдау зертханашысы мамандықтары бойынша оқытудан өтті. Турбина цехының пайдалану жөніндегі орынбасары Серік Талдыбаев, турбина цехының ауысым бастығы Дәурен Мыңбаев, химиялық цехтың инженер-технологы Гульнара Дорошева, қызметкерлерді даярлау бөлімінің штаттан тыс оқытушылары Галина Нечепуренко, Николай Мирошник, Миршат Шамсутдинов сияқты «АлЭС» АҚ тәжірибелері мол, білікті жұмысшылары жетекші етіп сайланды»,-деп дуальды оқыту жүйесі бойынша біраз мағлұмат бере кетті.

Іс-тәжірибеден өтушілер оқыту аяқталғаннан кейін біліктілік емтиханын тапсырды. Емтихан қабылдайтын комиссия құрамына «АлЭС» АҚ инженерлі-техникалық жұмыскерлері, жылу энергетикалық қондырғылар кафедрасының меңгерушісі, «Өнеркәсіптік жылу энергетика» кафедрасының оқытушылары және т.б. кірді. «АлЭС» АҚ Қызметкерлерді даярлау бөлімінің штаттан тыс оқытушысы Николай Мирошниктің айтуы бойынша студенттер емтихан тапсыру барысында өз білімдерін жоғары деңгейде көрсеткен.  

2018-07-12 073059

«Іс-тәжірибелік сабақтар 1-ЖЭО-да өтті. Бұл жерде балалар жабдықтармен, олардың құрылғыларымен таныстырылды, кейін оларға бу турбиналарын пайдалану құрылғысы бойынша теориялық сабақтар жүргізілді. Сабақтардың бірі күн және жел арқылы жұмыс істейтін электр станцияларға, атом электр станциясына арналды. Қатысушылармен жұмыс жасау өте оңай болғандықтан тақырыптарға толығымен шолу жасай алдық. Қазір олар турбина жабдығы бойынша машинист-қараушы мамандығы бойынша емтихан тапсырып, жұмысшы кәсібінің куәліктерін алуда. Оқудан өткен балалардың болашақтарынан үлкен үміт күтуге болады. Өндіріске келсе, жоғары лауазымда жұмыс атқаратындарына күмәнім жоқ.»,- деп Николай Мирошник өз пікірін айта кетті.

Комиссия мүшесі, «АлЭС» АҚ 1-ЖЭО қазандық цехы бастығының орынбасары Халелов Альфараби де дуальды оқыту жүйесінің жағымды тұстары жайлы өз пікірін білдірді, ол кісінің айтуы бойынша: «Дәл қазіргі уақытта студенттер қазандық жабдығы бойынша машинист-қараушы мамандығының емтиханын тапсырып жатыр. Дуальды оқыту жүйесін жүргізу саясатын өте дұрыс деп есептеймін. Университетті тәмамдаған студент қайда баратынын, кім болып жұмыс істейтінін нақты білетін болады. Ол өндіріс қозғалысын, ондағы жұмыс барысын өз көзімен көріп, болашақтағы кәсібі бойынша тәжірибе жинап қайтады. Нақтырақ айтқанда, дуальды оқыту процессінде таңдаған кәсібін жаңа қырынан танып, кәсіпті дұрыс таңдау бойынша негізді шешім қабылдайды».

2018-07-12 073116

«Жылу энергетикалық қондырғылар» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцентАндрей Кибариннің пікірі бойынша дуальды оқыту жүйесін енгізуде кәсіпорындардың кадрларды дайындау, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуді қамтамасыз ету процесстеріне белсенді қатысуы маңызды. «Бұл студенттердің университетте алатын теориялық білімдерін нығайту, кәсіби дағдыларын қалыптастыру үшін қажет. Жұмыс берушілер осындай серіктестік жасауға мүдделі болу керек деп есептеймін. Білікті кадрлар әрбір кәсіпорынға ауадай қажет. «АлЭС» АҚ сияқты серіктес –ұйымдар көп бола берсін демекпін».

«Университетті аяқтай салсымен түлектеріміз осы кәсіпорынға жұмысқа орналасады. Біз тұрақты серіктесіміз «АлЭС» АҚ-ға кәсіби қарым-қатынас құрғаны, өндірістік тәжірибені өткізуді ұйымдастыруда сапалы жұмыс жүргізгендігі үшін алғысымызды білдіреміз»,- деп АЭБУ Жылу энергетика институтының директоры Балжан Бахтияр да жылы лебізін жеткізді.

2018-07-12 073133

        

Сондай-ақ, Жылу энергетика институтының студенттері де «АлЭС» АҚ ұжымына алғыстарын білдірді, олардың айтуы бойынша іс-тәжірибеден өту барысында ешқандай қиындық болмаған, сабақтар қызықты, әрі танымдық тұрғыдан жоғары дәрежеде өткен.

2018-07-12 073205

2018-07-12 073224

Қазіргі таңда дуальды оқыту жүйесі барлық елдерде танылған. АЭБУ студенттері неміс білім беру жүйесімен дуальды оқыту бойынша дайындықтан өтіп, белгілі бір кәсіби құзыреттер алды. Бұл жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік береді. Іс-тәжірибеден өту балалардың жеке қасиеттерін дамытуға, топта жұмыс жасауға дағдылануға, тапсырылған іске жауапты болуға көмектеседі. Және ең бастысы – бұл таңдаған кәсібі бойынша озық идеяларды жүзеге асыратын ерекше тұлғаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.