Қапшағай қаласының әкімі Қапшағай ГЭС –і қызметкерлерімен кездесті

2018 жылдың 8 ақпанында Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбековтың «АлЭС» АҚ Қапшағай ГЭС еңбек ұжымымен кездесуі өтті. Кездесуге қала әкімінің орынбасары, қала мекемелерінің басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесуді Қапшағай ГЭС-ның басқарушы директоры Серік Қалиев ашты. Ол кәсіпорынның өндірістік қызметі, оның міндеттері мен алдағы уақыттағы жоспарлары туралы әңгімеледі.

Әкім «Қапшағай қаласының 2017 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2018 жылға арналған міндеттері туралы» қысқаша баяндама жасады. Т.Қайнарбеков атап өткендей, жергілікті атқарушы органның барлық жұмысы қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, мемлекеттік бағдарламаларды жүргізу барысына, сондай-ақ Президенттің 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Қазақстан халқына жолдауының негізгі ережелерінің орындалуын баса айтты.

Қала әкімі Қапшағай ГЭС қызметкерлерінің тұрғын үй – коммуналды сала проблемалары мен Қапшағай қаласын көркейту жөніндегі сұрақтарына жауап берді.