Алматыда энергетикалық жобалар талқыланды

Энергетика саласындағы аса маңызды жобаларды іске асыру "Самұрық-Қазына" қорының Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің Алматы энергия кешенінің кәсіпорындарына жұмыс сапары барысында Алматы қаласында өткен кеңесте талқылау тақырыбына айналды.

Қор басшысының айтуынша, энергетика ел экономикасын дамытудың негізгі факторы болып табылады және бос энергетикалық қуат болмаса, Қазақстан индустрияны да, экономиканың басқа да маңызды секторларын дамыта алмайды.

Кеңес барысында "Самұрық-Энерго" АҚ топ компаниялары – "Алматы электр станциялары" АҚ және "Алатау жарық компаниясы" АҚ басшылары өңірде іске асырылып жатқан жобалардың кең ауқымын ұсынды. Бұдан басқа, Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ке сыртқы газ инфрақұрылымын салу барысы туралы "QazaqGaz" ҰК" АҚ өкілдері баяндады.

"Самұрық-Энерго" АҚ басшысы Серік Түйтебаевтың айтуынша, еліміздің энергетикасындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалар Екібастұз және Алматы энергия кешендерінде іске асырылуда. Бірқатар жаңа объектілер пайдалануға берілді, басқалары бойынша іске асыру мерзімі 2030 жылға дейінгі кезеңге болжамдалып отыр, оның ішінде төменде аталған осы жобалар:

– Жаңа электр сүзгілерін орната отырып, Екібастұз МАЭС-1-де №1 энергия блогын қалпына келтіру, 2023 жыл;
– №3 энергия блогын орната отырып, Екібастұз МАЭС-2 кеңейту және реконструкциялау, 2026 жыл;
– №4 энергия блогын орната отырып, Екібастұз МАЭС-2 кеңейту және реконструкциялау, 2027 жыл;
– Екібастұз МАЭС-3 салу, 2028-2029 жылдар;
– №5 және №6 энергия блоктарын орната отырып, Екібастұз МАЭС-2 кеңейту және реконструкциялау, 2029-2030 жылдар;
– Алматы қаласы мен Алматы облысының кабельдік желілерін реконструкциялау, 2030 жыл;
– Алматы облысында Шелек энергия торабының желілерін дамыту, 2025 жыл;
– Алматы облысында Іле өзенінде контрреттеуші Кербұлақ ГЭС салу, 2026 жыл;
– Қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, Алматы ЖЭО-2 жаңғырту, 2026 жыл;
– Станцияның қуатын 544 МВт-қа дейін ұлғайта отырып, БГҚ базасында Алматы ЖЭО-3 реконструкциялау, 2025 жыл;
– Қуаты 200-250 МВт БГҚ сала отырып, Алматы ЖЭО-1 кеңейту, 2026 жыл;
– "Қаскелең" КС АТҚ-ға қосыла отырып, "Көкөзек" қосалқы станциясын салу, 2023 жыл.

Технологиялық, рәсімдік және қаржылық аспектілерден басқа, кеңесте проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша Қор басшысы қысқа мерзімде орындау үшін бірқатар тапсырмалар берді.