Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіруді банктер синдикаты қаржыландырады

Қазақстанның ең ірі жылу электр орталықтарының бірі – Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіру және толық жаңғырту жөніндегі жұмыстар практикалық іске асыру сатысына шықты. Газ станциясын салуға қазан айында жарияланған халықаралық тендерден кейін жобаны қаржыландыру көздеріне қатысты мәселелер шешілді.

Бүгін, 2022 жылғы 25 қарашада Алматыда станция иесі «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) мен Еуропа Қайта құру және Даму банкі (ЕҚДБ) арасында «Қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту арқылы Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасын қаржыландыру туралы кредиттік келісім жасалды. Аталған мәміленің сомасы 130 млрд. теңгені құрайды.

Бұған қоса, бүгін АлЭС пен Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) арасында Жобаны қаржыландыруды ұсыну жөніндегі ниеттер туралы келісімге қол қойылды.

Ескі ЖЭО-2 жанындағы алаңда жаңа газ станциясын салу бойынша барлық жұмыстарды синдикат, жетекші халықаралық және қазақстандық банктер – ЕҚДБ, Азия Даму Банкі (АДБ) және Қазақстан Даму Банкі (ҚДБ) қаражатын тарта отырып қаржыландыру жоспарлануда. Қаржыландыру ұлттық валюта – теңгемен, TONIA-ға (Tenge OverNight Index Average) тіркелгены өзгермелі пайыздық мөлшерлемемен жүзеге асырылатын болады.

Жобаны қаржыландыру «Самұрық-Қазына» қоры» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылды. Ұлттық әл-ауқат қоры жобаға өзінің корпоративтік кепілдігін береді, бұл сарапшылардың бағалауы бойынша тәуекелдерді азайтуға және қаржыландыру шарттарын жақсартуға ықпал етеді, ал келісімнің өзі жобаның ұзақ мерзімді қаржыландырумен қамтылуын қамтамасыз етеді.

Кредиттік келісімге «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Қырқымбаев пен ЕҚДБ-ның Еуразия, Таяу Шығыс және Африка өңірлері бойынша Энергетика департаментінің директоры Аида Ситдикова қол қойды. Салтанатты іс-шара ЕҚДБ, ҚДБ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «АлЭС» АҚ, Алматы қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен өтті.

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Серік Тютебаев қаржыландыруды ұйымдастыру үшін үлкен жұмыс жүргізілгенін, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау және әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, қолданылатын технологияларға бағалау жүргізілгенін атап өтті.

«ҚР Үкіметі, «Самұрық-Қазына» Қоры және «Самұрық-Энерго» АҚ Алматы қаласы мен Алматы агломерациясының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Алматы ЖЭО-2 нысанын жаңғырту жобасынан басқа, экологиялық жағдайды жақсарту және Алматы энергия торабындағы жаңартылатын энергия көздері объектілерін одан әрі дамыту үшін біз Алматы ЖЭО-3 аумағында «Қуаты 545 МВт-тық аралас циклді газ станциясын салу» жобасын іске асырып жатырмыз. Бұл нысан 2025 жылы пайдалануға берілмек және осы өңірдегі маневрлік қуат тапшылығын айтарлықтай төмендетуге мүмкінідік береді, – деді Серік Тютебаев.

ЕҚДБ Вице-президенті Алан Пиюдың айтуынша, 2025 жылға қарай климаттық және жасыл қаржыландыру ЕҚДБ-ның жыл сайынғы инвестицияларының жартысынан астамын құрайды деп жоспарлап отыр. «Бүгінгі шара Алматыдағы ауа сапасын, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын және Қазақстанның Париж келісімін сақтауға және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын жақындататын жасыл жобаның керемет үлгісі», – деп атап өтті ЕҚДБ өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін, 2022 жылғы 27 қазанда ЕҚДБ халықаралық қаржы институтының ережелеріне сәйкес өткізілетін екі сатылы ашық халықаралық тендердің басталғанын жариялады. EPC-мердігерді таңдаудың техникалық ерекшелігі және EPC-келісімшарт жобасы FIDIC (Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы) «сары кітабы» бойынша әзірленген. Бірінші кезең шеңберінде Алматы ЖЭО-2 алаңында жабдықтарды жеткізуге, жаңа газ станциясын жобалау мен салуға әлеуетті мердігерлерден өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 15 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту арқылы Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасы Алматы ЖЭО-2 алаңында қуаты 600 МВт-ға дейінгі газ-турбиналық технологияларды пайдалана отырып, жаңа станция салуды көздейді. Толық пайдалануға беру мерзімі – 2026 жылғы желтоқсан. Жобаның мақсаты: станцияны табиғи газ жағуға көшіру есебінен станцияның Алматы қаласының экологиялық жағдайына теріс экологиялық әсерін азайту, сондай-ақ Алматы қ. мен Алматы өңірінің тұтынушыларын жүктеме кестесіне сәйкес жылу және электр энергиясымен сенімді әрі үздіксіз жабдықтаумен қамтамасыз ету.

Сарапшылардың бағалауы бойынша станцияны газға көшіру жобасы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақтың ең қатаң талаптарына сәйкес келеді. Бұл сәйкестіктер ЖЭО зиянды заттарының шығарындыларын 93%-ға азайтуға мүмкіндік береді; мөлшерлі бөлшектер мен күкірт тотығы шығарындыларының құрамынан күл-қож қалдықтарының түзілуін болдырмайды және көмуге жол бермейді; агрегаттардың дыбыссыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мұның бәрі станцияның қоршаған ортаға және Алматы агломерациясының тұрғындарына әсер ету аймағын азайтуға тиіс.