Республика күні қарсаңында Қапшағай ГЭС негізін қалаушыларға ескерткіш ашылды

Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына, Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына, Шапық Шөкиннің 110 жылдығына орай ескерткіш мемориал орнатылды.

Қонаев қаласында Қапшағай ГЭС құрылысы мен қаланың негізі қаланған Қазақстанның көрнекті тұлғаларына мемориалдық ескерткіш ашылды. Естелік мемориал Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына, Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына, Шапық Шөкиннің 110 жылдығына орай Ш.Шөкин атындағы Қапшағай су электр станциясының аумағында орнатылды.

Қапшағай ГЭС-еліміздің оңтүстік өңіріндегі маңызды электр энергетикалық нысан. Электр станциясын салу жоспары ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында пайда болды. Станцияны салу қажеттілігін алғаш рет 1942 жылы белгілі қазақстандық энергетик ғалым, Республика Ғылым Академиясының президенті, академик Шапық Шөкин "Іле өзеніндегі Қапшағай ГЭС техникалық-экономикалық көрсеткіштері" кітабында негіздеді.

1969 жылы 20 маусымда ГЭС ғимаратының армокаркасының түбіне мемориалдық тақта түсірілді, оған осы күн мен "Қапшағай гидроэлектростанциясына бетонның алғашқы текшесі төселді" деген сөздер ойып жазылған. Қалау кезінде Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қатысты, ал станция құрылысына тікелей басшылықты Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров жүзеге асырды. 1970 жылдың желтоқсанында алғашқы екі гидроагрегаты іске қосылған кезде Қапшағай ГЭС электр энергиясын өндіруді бастады.

Бүгінде Қапшағай ГЭС – қала құраушы кәсіпорын, Алматы облысының жаңа әкімшілік орталығының мақтанышы.

"Самұрық-Энерго" АҚ басшысы Серік Тютебаев мемориалды Республика күні қарсаңында ашқан станция қызметкерлері, қала тұрғындары өздерінің ұлы отандастарына құрмет көрсететінін атап өтті.

"Қапшағай ГЭС-те энергетиктердің бірнеше буыны кәсіби шынықты. Бүгінде станцияда өз ісіне берілген жоғары білікті мамандар жұмыс істейді", – деді компанияның Басқарма төрағасы.

Серік Тютебаев Алматы облысы мен Алматы энергетикасындағы маңызды жобалар туралы да айтты.

"Қазіргі жағдайда, әсіресе су аз кезеңдерде Қапшағай ГЭС жұмысының тиімділігін арттыру үшін "Самұрық-Қазына" қоры мен "Самұрық-Энерго" компаниясы Іле өзенінде қарсы реттеуші Кербұлақ ГЭС салумен байланысты жобаны іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Оның құрылысымен, Каскад ГЭС жаңғыртумен және Алматы ЖЭО-ларын газға ауыстырумен, жақында Шелек жел электр станциясын іске қосумен және қолданыстағы Қапшағай және Мойнақ ГЭС-ін ескере отырып, оны 300 МВт-қа дейін кеңейтумен өңір "жасыл энергетикада" көшбасшыға айналуда", – деп атап өтті "Самұрық-Энерго" АҚ басшысы.

Іс-шарада энергетиктердің еңбегі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен ҚР "Еңбек даңқы" орденімен Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО бас инженері Ким Алексей Андреевич марапатталды. ҚР "Ерен еңбегі үшін" медалімен Батыс жылу кешенінің директоры Сырғабаев Исахан Ақтанұлы марапатталды.

Алексей Кимнің айтуынша, ол Республика күні қарсаңында жоғары марапатқа ие болғанын мақтан тұтады. Биыл Алексей Ким 1-ЖЭО 41 рет іске қайта қосуына қатысты.

 

 

 

Алматы облысы әкімдігінің Құрмет грамоталары мен алғыстарын "АлЭС" АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Киркинбаев, Ш.Шоқин атындағы Қапшағай ГЭС директоры Мұрат Каримов және станцияның электр машина цехының релелік қорғау және автоматика аппаратурасын жөндеу жөніндегі электромонтер Марат Қарашашев алды.

– Біздің станцияда мемориалдың салтанатты ашылу салтанатында марапат алу мен үшін тосын сый болды. Барлығыңызға рахмет! – деп, Марат Қарашашев алғысымен бөлісті.

Мерекелік іс-шараның концерттік бағдарламасына әртістер мен "АлЭС" АҚ өндірістік департаменттерінің мен қызметкерлері қатысты.