Астана күмісі

2022 жылдың қыркүйек айының соңында Астана қаласында "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасында VII спартакиаданың суперфиналы өтті. "АлЭС" АҚ атынан осы ауқымды іс-шараға өндірістік департаменттердің 27 жұмыскері мен 5 жанкүйер қатысты. Спортшылар сегіз спорт түрінен жарысты: шағын футбол, волейбол, стритбол, үстел теннисі, шахмат, арқан тарту, тоғыз құмалақ, армрестлинг.

Бақтияр Есеналы – Батыс жылу кешенінің ЖАжӨЦ электр слесарі стритболдан жеке есепте 2 орын алып, команда көшбасшысы болды.

– Спартакиада барлық қатысушылар мен жанкүйерлер үшін нағыз спорттық мерекеге айналды! Барлығы тамаша ойластырылған және ұйымдастырылған. Түрлі өңірлерден келген командаларға қолайлы жағдай жасалыпты. Бірақ, өкінішке орай, біздің командаға стритболдан басқа жүлделі орындарға дайындық жеткіліксіз болды. Мен және АлЭС құрама командасы Астанадағы суперфинал ойындарына қатысу үшін барымызды салдық деп есептейміз, көптеген командалардың ондай мүмкіндіктері болмады. Келесі спартакиадаға жақсы дайындаламыз, –деп бөлісті АлЭС құрама командасының капитаны – Ш. Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС электр машиналық цехының жөндеу және пайдалану жөніндегі аға шебері Еркебұлан Баянбай.

Көптеген команда мүшелері үшін спартакиадада өнер көрсету осындай жарыстарға қатысудың алғашқы тәжірибесі болды.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатты түрде спартакиаданың жабылу салтанатында өтті. Әріптестерімізді лайықты марапатымен құттықтаймыз, жаңа спорттық жеңістер мен жетістіктер тілейміз! Қаңтар айында біздің спортшылар жаңа маусымға дайындықты бастайды.