Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО: жөндеу компаниясы толыққанды жүруде

Биыл Б.Оразбаев атындағы Алматы 1-ЖЭО өндірістік кәсіпорнының құрылғанына 87 жыл толады. 1935 жылы 25 қазанда алғашқы агрегатқа өнеркәсіптік жүктеме берілді. 1936 жылы 1,8 млн кВт*сағ электр энергиясы өндірілді. Бүгінгі таңда аталған жүктеме станцияның 1 тәуліктік жұмысы барысында ақ өндіріледі.

Қысқы кезеңде электр станция Алматы қаласын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп, қажетті жүктемеде жұмыс істеуі үшін барлық негізгі және қосалқы жабдықтар жылыту маусымының басталуына толықтай дайын болуы тиіс. Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО ағымдағы жылдың жөндеу жұмыстарын сәуір айында бастады.

– Бүгінгі кезеңде орнатылған алты энергетикалық қазандықтың үшеуі жоспарлы жөндеуден өтті, біреуі жөнделуде, ал екі қазандық кестеге сәйкес жөндеу жұмыстарының кезегінде тұр, – деді Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО Басқарушы директоры Әлібек Тастанбеков. –Орнатылған жеті су жылыту қазандығының алтауы жөнделді, соңғысы жөнделуде. Бір турбоагрегатта ағымдағы жөндеу жүргізілді, екіншісінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, және үшінші турбоагрегат кестеге сәйкес жөндеуді күтуде.

1-ЖЭО негізгі және қосалқы жабдықтарындағы барлық жөндеу жұмыстары "АлЭС" АҚ "Энергожөндеу" ӨЖК қызметкерлерінің күшімен жүргізіледі.

Бүгінгі таңда станция 236 902,95 мың кВт*сағ электр энергиясын және жоспарға сәйкес 734 557 Гкал жылу энергиясын өндірді.

1935 жылдан бері Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО 38,707 млрд кВт*сағ электр энергиясын, 155,979 млн Гкал жылу энергиясын өндірді.

Қызықты деректер: электр және жылу жүктемесінің ең көп көлемі – 857 500 мың кВт*сағ көлемінде электр энергиясы, 4 149 800 Гкал көлемінде жылу энергиясы 1986 жылы өндірілді.