Біздің жұмысымызда басты қасиеттер – тәртіп пен кәсібилік...

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Фрешер Александр Владимирович, 3-ЖЭО отын-көлік цехының ауысым бастығы

Электр станциясына мен 1983 жылы Кеңес Армиясында әскери борышымды атқарғанға кейін келдім. Армияға дейін Талдықорған қаласындағы № 24 кәсіптік-техникалық училищені мелиорациялық жұмыстардың механизаторы мамандығы бойынша бітірдім.

3-ЖЭО-ға 1983 жылғы ақпанда отын-көлік цехында кезекші слесарь болып орналастым, қазан айында бульдозерист болып ауыстым. 10 жыл бойы әртүрлі бульдозер маркаларында жұмыс істедім. Неліктен бұл жұмыста ұзақ уақыт тұрақтағанымды ойласам, бәлкім, бұл бала кезімнен техникаға деген құштарлық пен құмарлық болған шығар.

Бала кезімде әкемнің ізін басуды армандайтынмын, ол механизатор болатын. Оның жұмысы далада, егістікте өтетін және мен үшін оның беделі әрқашан биік болды. Сондықтан мен де механизатор болам деп шештім.

Станциядағы алғашқы тәлімгерім есімде, ол өте сауатты маман Раис Хасанович Сирозидинов еді. Ол маған алғашқы кәсіби дағдыларды игеруге көмектесті. 1993 жылдан бастап 3-ЖЭО отын-көлік цехының ауысым бастығы болып жұмыс істеймін. Менің еңбек жолымда бұл жоғары саты болды. Менің персоналды басқару дағдыларын игеруіме тура келді, өйткені адамдармен жұмыс коммуникативті, адал, әділ болуға, сонымен қатар, әрине, кәсіби дағдыларға ие болуға міндеттейді.

Ауысым бастығы болып жұмыс істеген уақытта тәлімгерлік жұмыспен айналыстым, оннан астам тәжірибелі мамандарды дайындадым.

Қиын жағдайларда мен әрқашан жеке тәжірибеме сүйене отырып шешім қабылдаймын. Біздің жұмысымызда басты қасиеттер – тәртіп пен кәсібилік. Мен өзім кешіккенді ұнатпаймын және қарамағымдағы жұмыскерлерден еңбек және өндірістік тәртіпті сақтауды талап етемін. Энергетикадағы жұмыс өте жауапты және қауіпті, әсіресе өндірісте. Сондықтан қауіпсіздік техникасын сақтау-қауіпсіз жұмыстың кепілі.

Осы жылдың сәуір айында SKE жобасына белсенді қатысқаным, қауіпсіздіктің көшбасшылық мінез-құлық аудитін жүргізгенім және қауіпсіз жұмысқа талдау жасағаным үшін Нұрсұлтан қаласында "Самұрық-Энерго" АҚ-ның Алғыс хатымен марапатталдым. Бұл марапатты алу үлкен мақтаныш болды. Әрине, бұл тек менің ғана емес, біздің барлық тату ұжымымыздың еңбегі.

 

Бос уақытымда отбасыммен бірге өткіземін. Мен тауда демалғанды ұнатамын. Отбасы мені әрдайым қолдайды. Мен бақытты атамын, сүйікті немерелерім бар.

Энергетик мамандығым абыройлы деп санаймын және энергетика саласында жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын. Өйткені, энергетикасыз қазіргі мен болашақты елестету мүмкін емес.