96 жасында ардақты ардагеріміз Василий Матвеевич Заец дүниеден озды

Оны құрмет қарауылы және үш дүркін залппен – әскери құрметпен шығарып салдық.

«АлЭС» АҚ ұжымы Ұлы Отан соғысы ардагерінің туған-туыстары мен жақындарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтады.

– Сұрапыл соғыс қатысушылары мен куәгерлері, өз қанымен бізге бейбіт өмір сыйлаған нағыз батырлардың қатары жыл сайын азайып келеді. Біз олардың ерлігін, жанкешті қахармандығын есте сақтап, балалар мен немерелерге Жеңіс, Бейбіт өмір, Ашық аспан сөздерінің терең мағынасын ұғындыра алуымыз керек. Қажырлы еңбек және сындарлы өмір жолынан өткен батыр адамның қазасына қайғырамыз. Василий Матвеевичтің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады! – деді 3-ЖЭО жобалар жөніндегі менеджері Марат Әмір.

Заец Василий Матвеевич 1926 жылы 24 сәуірде дүниеге келген. Оның жалпы еңбек өтілі 46 жыл, энергетикадағы жұмыс өтілі 28 жыл.

Василий Матвеевич 1943 жылдың қараша айында он жеті жасар жасөспірім кезінде әскер қатарына шақырылды. Бір жарым жылдағы соғыста ол қанды шайқастардың талайын көріп, ауыр жарақаттанып, госпиталда емделді. Орша, Барановичиді, Польшаны жаудан босату шайқастарына қатысты. Оның кителіндегі наградалары сол кездегі жас сарбаздың жауынгерлік жолын аңғартуға мүмкіндік береді: «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» екі медаль, «Бостандық пен еркіндік үшін» поляк наградалары, «Одырнейсен мен Балтықты алғаны үшін» және т.б. 1950 жылдың қазан айында демобилизациядан өтті. Ата-анасы тұратын Алматы қаласына келді. Әр түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 3-ЖЭО-дағы еңбек жолын 1961 жылы ЖКО бастығы болып бастады. 1963 жылы күлші болып қазандық цехына ауыстырылды. Қазандық цехында машинист көмекшісі, машинист-қараушы, қазандық машинисі, блок жүйесінің машинисі, БСУ машинисі болып жұмыс істеді. 1983 жылы турбина цехына кезекші слесарь болып ауыстырылды, онда 1988 жылға дейін жұмыс істеді. В.М. Заец өзінің жұмыс тәжірибесін жас мамандарға білік үйретіп, кәсіби дағдыларды меңгеруге көмектесті.

Жемісті және адал еңбегі, жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталған. В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай мерекелік медальмен (1970 жыл), «Еңбек ардагері» медалімен (1981 жыл) марапатталған. Жеңіс күніне орай Отан соғысының ардагері ретінде бірнеше рет Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. ҚЭҚ ардагері атағы берілді.