Қобыз жанды тербейді

деп санайды ОҚТО материалдық - техникалық жабдықтау жөніндегі экономист Айдана Тұрғанбекқызы 

Мектеп қабырғасында менің домбыраға деген қызығушылығым ояна бастады, 3-сыныптан бастап осы аспаппен айналыстым. Домбыра үйірмесіне жазылдым. Осылайша музыка әлеміне алғашқы қадамдарым басталды. Біраз уақыттан кейін қобызбен таныстым, оның үні маған ұнады. Қобыздың үні адамға ерекше әсер етеді.  Қоңыр үнді қобыз ғасырлар сырын жетелейтін киелі аспап. Қобыз десе біздің санамызға Қорқыт ата түседі. Қорқыт бабамыздан қалған қасиетті қара қобыз ғасырдан – ғасырды жалғап, сазды сарынын үзбей қазақ халқының қуанышы мен қайғысын жеткізіп келген.

Қобыз адамның дауысын, қасқырдың ұлуын, аққудың қиқылын, жел мен судың үнін бере алады. Табиғаттың қайталанбас дыбыстарын ағаштан ойылып жасалған қарапайым аспаптың бере алуы, көптеген ғалымдардың таңданысын тудырып отыр. Қобыз ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Бұл аспаптың бірнеше түрі бар: нарқобыз, қылқобыз, шаңқобыз болып бөлінеді. Мен скрипкаға ұқсас 4 ішекті прима-қобызда ойнаймын.

 

Қобызда ойнау мен үшін-жан тыныштандырады. Бұл менің көңіл-күйімді жеткізе алатын құрал. Қобызда 10 жылдай ойнаймын. Бұл менің алғашқы мамандығым, кейін  сүйікті ісіме айналды. Алғашқы ұстазым Жанабаева Несіпжан Нұрасылқызы К.Байсейітов атындағы музыкалық колледжге оқуға түсу кезінде аспапқа деген қызығушылығымды оятты. Маған лирикалық, жанды, баяу шығармалар ұнайды. Бұл таңдау арқылы адамның мінезін анықтауға болады деп ойлаймын. Мен сабырлы, жайбарақат адаммын. Шетел композиторларынан маған В.А.Моцарттың, Ф. Шопеннің, орыс композиторлары П.И.Чайковскийдің және т.б. шығармалары ұнайды, ал қазақ композиторларынан маған А.Жұбанов, М.Төлебаев, Т.Момбеков, С.Тұрысбеков және т. б. ұнайды. 

«АлЭС» АҚ-ның «Жарқын Болашақ» жастар ұйымында музыкалық ансамбл бар. Онда түрлі департаменттерден дарынды активистер жиналды. Біз корпоративтік іс-шараларда өнер көрсетміз, энергетик әріптестерімізге тыңдау қызықты болуы үшін әртүрлі әндерден попурри туындыларын шығарамыз. Өкінішке орай, пандемияға байланысты біздің оркестр жұмысын уақытша тоқтатты. Карантиннен кейін ансамбль жұмысын жалғастырады.

 

Бірақ үйде қобыз тартамын. Музыканттардың айтуынша, қобыздың адамды сезінетін сиқырлы қасиеті бар. Егер қобызды бір сөзбен айтқанда сипаттасам, ол жан мен тәннің нәзіктігі.