Жұмыстан тыс: құрақ құру

Баян Ізімбетова, 3-ЖЭО рұқсатнама бюросының кезекшісі, мектеп қабырғасындағы еңбек сабағынан құрақ тігумен айналысады

- Біздің мұғалім Баян апайымыз қыздарды тігу, тамақ дайындау секілді тұрмыстық қажеттіліктерге үйретті. Сол кісі менің «Подольск» тігін машинасын игеруіме себепкер болды.

Баян апай қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнері, соның ішінде құрақ тігу туралы айтып берді. Алғаш бастау сонау XVI ғасырда Англияда пайда болғанына қарамастан, қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде көп қолданып жүр.

 

Қыз жасауын жасау әрбір ананың перзенті алдындағы парызы. Сол секілді үлкен қызымды ұзатқанда менде осы өнерді қолыма алдым. Бұл 2014 жылы болатын, сол уақыттан бері үзбей айналысамын. Өзімнің тіккен жастықтарымның бәрі есімде. Күніне екі-үш жастық тігуге болады. Мұның бәрі дизайн мен сызбаға байланысты. Үлкен құрақтарды тез, кішкентай үлгіні әлдеқайда ұзағырақ жасаймын. Жастық пен көрпеден басқа. Мен жасағандарымды қыздарыма, ағайын, жақындарыма беремін.

Менің әлі де үйренерім көп. Матамен, тігін машинасымен жұмыс жасау шеберлігі, сондай-ақ табандылық пен ынта-жігер танытқан адам тігудің шебері бола алады. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады.