Қапшағай ГЭС-ке Құрметті энергетик Шапық Шөкиннің есімі берілді

Академик Шапық Шөкин Қазақстанның энергетика саласындағы көптеген ірі ауқымды жобаларының авторы және бастамашысы. Ол 1944-1950 жылдары өзі жүргізген Іле өзенінің суларын кешенді пайдалану мүмкіндігін және оның энергетикалық әлеуетін зерттеу негізінде Қапшағай бөгеті мен Қапшағай су электр станциясын құруға үлкен үлес қосты

7

Академик Шапық Шөкиннің есімін беру «АлЭС» АҚ бастамасымен және «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығымен мақұлданды. Гидростанцияның жаңа атауы-Ш. Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС.

Шапық Шөкин 1912 жылы 1 қазанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінде және Баянауылдағы шаруа жастар мектебінде оқыған. 1926 жылы Қарқаралы қаласындағы педагогикалық техникумға түседі.

5

1931-1933 жылдары Ташкент қаласындағы инженерлер мен техниктердің Орта Азия Ирригация институтында оқыды. 1934 жылы С.М. Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтының гидротехника факультетінде білім алды. Институтты бітіргеннен кейін Ш.Шөкин Қазақ ССР Халық Комиссариаты Ауыл шаруашылығын электрлендіру жөніндегі Қазақ республикалық тресінде жұмыс істеді, онда техник, инженер, аға инженер және трест директорының техникалық бөлім жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

2

1943 жылы ГОЭЛРО жоспарын жасаушы, академик Г.М.Кржижановскиймен кездесуден кейін жас инженер Шапық Шөкин қанаттанып, Г.М.Кржижановскийді үлгі тұтып, өзінің энергетика саласындағы барлық ғылыми зерттеулерін жүзеге асыруға шыңдалды. Сол жылы КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының төрағасы Қ.И.Сатпаев Ш.Шөкинге энергетиканың жаңадан ұйымдастырылған секторына басшылық етуді ұсынды, әрине бұл ұсыныс оның инженерлік қызметтен ғылымға толықтай бет бұруына әкелді. Ш.Шөкин 1944 жылы Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырып, оны 1988 жылға дейін басқарды.

1

Академик Шөкин Шапық Шөкұлының басшылығымен Энергетика ҚазҒЗИ бірегей тәжірибелі базалары бар КСРО-дағы энергетикалық бейіндегі ең ірі ғылыми мекемелердің біріне айналды. Академик Ш.Шөкиннің барлық ірі ғылыми жетістіктері мен Қазақстанның энергетика саласындағы басты ғылыми жаңалықтары институтпен тығыз байланысты.

3

Ш.Шөкиннің ғылыми еңбектері жалпы энергетика, гидроэнергетика, су шаруашылығы-энергетикалық мәселелерді қамтиды. Ол Қазақстан энергетикасының дамуын ғылыми-техникалық болжаудың кешенді жүйесінің негізін қалады, елдің отын-энергетикалық кешендерін қалыптастыру жолдарын негіздеді. Ол өндіруші қуаттардың ауқымын, құрылымын және орналасқан жерін, сондай-ақ энергия тұтынуды бағалау және халық шаруашылығы салаларын энергиямен жабдықтау жолдарын оңтайландыру әдістемесін әзірледі.

Оның жетекшілігімен 4 докторлық және 20 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол 400-ге жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 22 монографияның авторы.

Ғылыми жұмыстармен қатар Ш.Шөкин үлкен ғылыми-ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстар жүргізді. 25 жыл бойы (1943-1668 жж.) Қазақ КСР Ғылым Академиясында белсенді жұмыс істеп, негізгі лауазымдарды атқарды.

1961 жылы Шапық Шөкинге Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. 1972 жылы оған «Қазақстан энергетикасын дамыту негіздері» кітабы үшін ҚазССР мемлекеттік сыйлығы, 1982 жылы «КСРО Құрметті энергетигі» құрметті атағы, 1991 жылы Қазақ КСР Қ.И.Сатпаев атындағы Ғылым академиясы Президиумының сыйлығы берілді. 1971 жылы Ш. Шөкин «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1982 жылы «Октябрь революциясы» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірқатар медальдары мен грамоталары бар.

Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің 1992 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысымен Энергетика ҚазҒЗИ-ге академик Ш.Ш.Шөкиннің есімі берілді.

6

1996 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ғылым мен энергетиканы дамытудағы ерен еңбегі, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға қосқан зор жеке үлесі үшін Академик Ш.Ш.Шөкинге «Алтын жұлдыз»- айрықша ерекшелік белгісін табыстады және ең жоғары ерекшелік дәрежесі – «Халық Қаһарманы» («Народный герой Казахстана») атағын берді.

2002 жылы Алматы қаласының әкімдігі Ш.Шөкинге «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағын берді.

- Академик Ш.Шөкин басшылық еткен кезеңде Энергетика ҚазҒЗИ елдегі энергетикалық бейіндегі ең ірі ғылыми мекемелердің біріне айналды. Институттың бірегей тәжірибелі базаларының әлемде теңдесі жоқ еді. Соның бірі, Қапшағай ГЭС. Шапық Шөкіұлы Қапшағай ГЭС-і бойынша қуаттылықтың киловаттына шаққандағы жұмыс көлемі Чарвак ГЭС-інің (1981 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің сыйлығына ие болған үздік ГЭС) көрсеткіштерінен едәуір жақсы екенін дәлелдеді. Сондықтан біз Шапық Шөкиннің есімі Қапшағай ГЭС-ке берілгенін мақтан тұтамыз,-деп атап өтті «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Мұхамед-Рахимов.

8

2020 жылы Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-іне 50 жыл толды. ГЭС пайдалануға берілгеннен бері тұтынушыларға шамамен 54,644 млрд. кВт/сағат электр энергиясы өндірілді, орташа алғанда жылына 1,1 млн. кВт/сағаттан. Осы жылдар ішінде ГЭС турбиналары арқылы жылына орта есеппен 13,5 текше км-ден астам 699 текше км су өткізілді