Алматы 1-ЖЭО-ға Қазақстанның энергетика ардагері Бірлік Оразбаевтың есімі берілді


 

 

Алматы 1-ЖЭО – «Алматы электр станциялары» АҚ өндірістік департаменттерінің бірі. Көрнекті энергетик Бірлік Оразбаевтың есімін 1-ЖЭО-ға беру «АлЭС» АҚ бастамасымен және «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығымен мақұлданды. Электр станциясының жаңа заңды атауы- Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО.           Оразбаев Бірлік Есіркепұлы 1948 жылы 3 ақпанда дүниеге келген. 1971 жылы Қазақ политехникалық институтын инженер-жылу энергетик мамандығы бойынша бітірген. Бірлік Есіркепұлы еңбек жолын Алматы 1-ЖЭО – да қарапайым машинис болып бастап, кәсіби өсудің барлық сатыларынан өтті-аға машинис, инженер, ӨТБ бастығының орынбасары, ӨТБ бастығы, бас инженердің орынбасары, 1-ЖЭО бас инженері болып тағайындалды.

Көп жылдар бойы Бірлік Есіркепұлы республикалық ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған: «Қазақстанэнерго» МЭК Президенті, «КЕГОК» АҚ вице-президенті, «ҚМГ-Энерго» АҚ Бас директорының орынбасары- «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары. 1997 жылдан 2000 жылға дейін Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің вице-министрі, ал 2007 жылы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің вице - министрі лауазымын атқарды. Содан кейін Бірлік Есіркепұлы екі жыл «Алматы электр станциялары» АҚ басқарды.

 

Б.Оразбаев ғылыми қызметпен айналысты, 2007 жылы докторлық диссертациясын қорғап, РФ Өнеркәсіптік экология академиясының академигі атанды, ол 20-дан астам ғылыми мақалалар мен жарияланымдардың авторы.

Б.Е.Оразбаев жоғары лауазымдарды атқара отырып, әрдайым жастардың жас маман ретінде кәсіби тұрғыда шыңдалуына ерекше назар аударып, ықпалын тигізді. Қызметкерлердің тұрғын үй, балабақшамен қамтамасыз ету және т.б. әлеуметтік мәселелерін шешумен айналысты.

Өзінің жоғары кәсібилігі мен энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Б.Е.Оразбаев                       ҚР ЭМРМ, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» АҚ, Алматы қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған, «ТМД еңбек сіңірген энергетигі», «Қазақстан еңбек сіңірген энергетигі» атты жоғары атақтарға ие болған.

- 1-ЖЭО-ға Бірлік Оразбаевтың есімін беру біз үшін үлкен мәртебе. Ол Қазақстан Республикасының энергетикасын қалыптастыруға және дамуына өзінің адал еңбегі сіңген тұлға. Ол біздің тәлімгеріміз, ұстазымыз,-деп атап өтті «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Мұхамед-Рахимов.

2020 жылы Б.Оразбаев атындағы Алматы 1-ЖЭО-ға 85 жыл болды. 2017 жылдан бастап станция табиғи газбен жұмыс істейді. 2021 жылдың басында электр станциясының белгіленген қуаты: электр – 145 МВт, жылу – 1203,0 Гкал/сағ.