Алматыда #BizBirgemiz акциясы аясында материалдық көмек көрсетудің екінші толқыны басталды

Коронавирус пандемиясына байланысты Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен партияның Алматы қалалық филиалы тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау мақсатында кешенді шаралар қабылданды.
Өздеріңізге белгілі, халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында «Birgemiz» республикалық қоры тарапынан қаржыландырылатын «Almaty Birgemiz» қоры құрылды. Өткенде «Almaty Birgemiz» қорынан қаламыздың мұқтаж тұрғындарына 50 мың теңгеден бөлінді. 23 472 адамға 5 санат бойынша материалдық көмек көрсетілген болатын.
«Nur Otan» партиясы Көшбасшысының бастамасымен 27 сәуірден бастап 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетудің екінші ағымы басталды. Көмекті алушылар санаты толықтырылды. Бұдан былай келесі санаттарға жататын 28592 адам көмек алады, олар:

  • аз қамтылған көп балалы отбасылар (2019 ж. АӘК алатындар)
  • ҰОС қатысушылары, мүгедектері және оларға теңестірілгендер
  • тыл еңбеккерлері
  • зейнеткер 1 және 2 топ мүгедектері
  • ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар

Тұрғындар тізімі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің деректері негізінде дайындалды. Егер көмек алушы аталған санаттарға кіретін болса, оған көмек автоматты түрде тағайындалады. Тіркелу, құжаттар жинаудың, ешқайда барудың қажеті жоқ, ақша «Nur Otan» партиясы және «Almaty Birgemiz» қоры атынан смс-хабарлама арқылы карточкаңызға түседі. Көмек бір рет қана беріледі. ⠀

 

Барлық сұрақтар бойынша инфографикада көрсетілген телефондарға хабарласуыңызды өтінеміз.