Ұлы Отан соғысының ардагері Гуляев Виктор Павлович дүниеден озды

2020 жылдың 10 тамызында 95 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызыл жұлдыз орденінің иегері Виктор Павлович Гуляев өмірден озды. Виктор Павлович Ресейдің оңтүстігін, Одессаны азат етуге қатысты. Молдавияны азат ету үшін шайқасқан, содан кейін Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Чехословакия жолдарымен өткен. Соғыстан кейін Виктор Павлович Қапшағай ГЭС-да күрделі құрылыс бөлімінде жұмыс істеді. Содан кейін қалалық партия комитетінде жұмыс істеп, Қапшағай ГЭС құрылысы мен жұмысына жетекшілік етті. 2005 жылы Виктор Павлович Гуляев Алматы облысынан Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына арналған Мәскеудегі шеруге Қазақстан делегациясының құрамында қатысты.

Қазіргі арайлап атқан тәуелсіз таңымызға қол жеткізген батырларымыздың жыл сайын арамызда азайып бара жатқаны, әрине өкінішті. Ер ісімі ел есінде демекші, батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде жеткізіп отырамыз. Біздің жерімізге бейбітшілік әкелген Ұлы Отан соғысының сарбаздары -Сіздердің есімдеріңіз ешқашан ескірмейді, мәңгілік рух болып жадымызда сақталасыздар…

 «Алматы электр станциялары» АҚ ұжымы Гуляев Виктор Павловичтің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.