Көп балалы отбасыларына ерекше назар

   2019 жылғы сәуір айында «Жарқын Болашақ» жастар ұйымының белсенділері «АлЭС» АҚ кәсіподақ ұйымымен бірлесіп Алматы қ. Әуезов ауданындағы көп балалы отбасыларға қолдау көрсетті.

Многодетная семья

Многодетная семья

   Біз бүгін көп балалы отбасылардың қандай жағдайда тұратындарын көрдік, олардың проблемаларымен таныстық. Біз алты жылдан бері қайырымдылықпен айналысамыз, мұқтаж адамдарға мүмкіндігімізше көмек беріп, қолдау көрсетеміз. Бүгін біз көп балалы отбасыларына қолдау жасау мақсатында азық – түлік кәрзеңкесін табыстадық, - деді жастар ұйымының белсендісі, «АлЭС» АҚ Отынды техникалық бақылау қызметінің бас маманы Бағлан Өміров.

   Соңғы уақытта көп балалы және мұқтаж отбасыларына басым назар аударылуда. Бүгін компания өкілдері сондай үш отбасына барды. Солардың арасында төрт балалы жалғыз басты ана Гүлдана Қалдыбаеваның жағдайы өте ауыр. Алты жыл бұрын күйеуі қайтқан. Үлкен қызы Меруерт (20 жаста) Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің студенті. Қалған үш баласы: Аружан (12 жас), Еркебұлан (10 жас) және Жасұлан (8 жас) Аналарымен бірге үйде. Үш баланың да диагнозы «балалар аутизмі». Аутизм алғаш нәресте жасында байқалатын және жүйке жүйесінің дамуындағы тұрақты бұзылулар болатын сырқат түрі.

   Отбасы жалдамалы пәтерде тұрады. Балалар өздігінен ешнәрсе жасай алмайды. Сөйлемейді. Анасы Гүлдананың айтуынша: «Біз Алматыға осы балаларды емдеу үшін, денсаулықтарын түзету үшін көшіп келдік. Біздің тұрған шағын аулымызда балаларымыздың сырқатын емдейтін мамандар да, мекеме де жоқ. Балалармен оңай емес. Жалғыз бала болса мейлі, үшеуінің бірдей сырқаты жаныма қатты батады. Оларды ем – дом қабылдау, бейімдеу үшін арнайы мекемеге апару, әкелу үшін әлім жетпейді. Осыған қарамастан, оңалту – сауықтыру орталығына апарып тұрамын. Онда ерте жастан дамытатын, коррекциялық көмек беретін, аутизммен ауыратын балалардың ерекшелігін ескеріп, ата –аналарға балалардың қабілеттерін ашуға көмек беретін мамандар жұмыс істейді. Сондай орталықтың арқасында біз балаларымызға көмек береміз. Балаларым үшін зейнетақы аламын. Алайда шығынымыз көп. Оларды емдеуге квота аламын деп үміттенемін. Оған да құжаттар жинап, медициналық тексерулерден өту керек. Кез келген ана сияқты балаларымның сауығып кеткенін қалаймын. Менің балаларыма қатысты үмітім мол. Кіші ұлым Жасұлан зерек, алғыр: «тиіспе, болмайды, есікті аш/жап» деген сөздерді түсінеді. Өкінішке орай, балаларымыздың сырқаты туралы кеш білдік. Балаларымның ерекше, өзгелерге ұқсамайтынын білгенде төртінші баламды дүниеге әкелдім. Сәби кездерінде балаларым өзге балалардан ерекшеленбейтін де. Олар тек сөйлемейтін, сонда медиктер маған балаларыңның дамуы кеш деп басу айтатын. Мен «АлЭС» АҚ ұжымына өте разымын, біздің мұқтаждығымызға назар аударып, қол ұшын бергеніңізге.

   «АлЭС» АҚ «Жарқын болашақ» жастар ұйымының белсенділері осы отбасын қамқорлыққа алып, мүмкіндігінше көмек беріп, қолдау жасайды. Әлем мейірімді адамдармен жақсара түседі.

Фариза Ботақараева

«Жарқын Болашақ» ЖҰ Төрайымы