Ескіні жаңарта отырып экологияны да ұмытпапты немесе қыста жарық та жылу да үзілмейді

Қыстың көзі қырауда үйіміз ұядай жылы және жарық болуы үшін жылдың төрт мезгілінде, тәулік бойы, мереке, демалыс демей тынымсыз жұмыс істейтін адамдар бар. Өз ісін бес саусағындай білетін мұндай мамандар «Самрұқ-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымдарында қызмет етеді. Қыс кіріп келе жатқанда халықты үздіксіз жарықпен, жылумен қамтамасыз етіп жатқан жандардың, «Самрұқ-Энергоның» еншілес компанияларында соңғы жылдары атқарылған жұмыстарды көру үшін бір топ журналист жолға шықтық.
Алдымен «Самрұқ-Энергоның» Алматыдағы кәсіпорны – «Алматы жарық компаниясы» АҚ-ға қарасты Алатау бөктеріндегі «Ерменсай» қосалқы стансасына келдік. Алматының оңтүстігін жарықпен қамтамасыз етіп отырған бұл станцияны еліміздегі ең заманауи станцияның бірі деп айтуға болады. Батыс Еуропадан әкелінген электр жабдықтары қай жағынан алсаң да тиімді. «Ерменсай» станциясының мүмкіндіктерімен «АЖК» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Николай Тушинский таныстырып шықты. Сапалы құрал-жабдықтардың техникалық артықшылықтарын сипаттап, қалай басқарылатынын көрсетті.
– «Ерменсай» – 2010 жылы іске қосылды. Осы күнге дейін осындай 30 шақты қосалқы станция салдық. Заманауи технологиялармен жабдықталған станциялар құру үшін өзіміздің, әкімшілік пен республикалық бюджеттің қаражатын тарттық. Қазір Алматыны айналдыра 220 кернеулік электр шеңбері құрылып жатыр. Біз осы күндері осы шеңберге кіретін барлық қосалқы стансаларды іске қосатын боламыз. Сол кезде қаланы 100 пайыз кепілдендірілген жарықпен қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Осы уақытқа дейін қалада 110 кернеулік стансалар қосылып тұрды. Бұл атқарылған шаралар – қаланы үздіксіз әрі сенімді түрде электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыруға мүмкіндік береді, – дейді «Алматы жарық компаниясы» АҚ атқарушы директоры Әнуарбек Қабылбеков.
«Алматы жарық компаниясының» 207 электр станциясы бар болса, оның 73-і қала ішінде, қалғаны облыс аумағында. Қазірге «АЖК» АҚ қала ішіндегі стансалардың 31-ін жаңалап үлгерген. Орасан қаражатты қажет ететін бұл жұмыстар алдағы күндері де жалғаса бермек.
Осыдан кейін біз қалада орналасқан Орталық диспетчерлікке келдік. Жоғарыда атап өткендей, бұл мекемеде отырған мамандар жыл бойы, күн-түн демей, бір сәтке де алып монитордан ұзамай, қаланы электрмен қамтамасыз етуді бақылап, басқарып отыр. Орталық диспетчерлік те қазіргі заман технологияларымен жабдықталған. Мәселен, біз барған «Ерменсай» сияқты барлық стансалардың жұмысы осы жерден қадағаланады. Компьютерлік технологиялар мегаполис қаланың әр тұсында тұрған электр стансаларына сабылып бармай-ақ, жұмысын осы жерден басқаруға мүмкіндік беріп тұр.
Осылайша, шаңырағымызға жарығын шашып тұрған электр шамы үздіксіз жарқырау үшін жұмыс істеп отырған мамандармен тілдесіп, жаңа технологиялардың артықшылықтарын тамашалап, енді жылумен қамтамасыз ететін нысанға қарай саяхатымызды жалғастырдық.
Біз табан тіреген Алматыдағы нөмірі бірінші Жылу электр орталығы (ТЭЦ 1) ең байырғы мекеме деп айтуға болады. Сонау 1930 жылдары бой көтерген жылу орталығында екі ғасырға куә болған алып кешен қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп келеді.
Бар болғаны екі жылдан кейін 80 жылдығын атап өткелі отырған ЖЭО-1 – «Алматы электр станциялары» АҚ-ға қарайды. Қаладағы ең ірі жылу беруші орталығында да талай жабдықтар тозғандықтан, мұнда да жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр екен. Өз қызметін өтеп болған ескі құрал-жабдықтар жаңасымен ауыстырылуда.
Мұнда бізді ЖЭО-1 басшылары жақсы жаңалықтарымен, толымды тірліктерімен қарсы алды. 1935 жылдан бері пайдаланып келе жатқан жылу орталығының көкейге қонатын ісінің бірі – көмірден газға ауыстырылған. Мұның экологиясы көкейкесті мәселелер қатарында тұрған мегаполис қаланың ауасын тазартуға тигізетін пайдасы өлшеусіз. Дегенмен, ТЭО-1 – ерекше жылу электр орталығы екенін айтуға болады. Мұнда отынның үш түрін: көмір, газ, мазутты пайдалануға болады.
ЖЭО-ның басқарушы директоры Исахан Сырғабаев отынның үш түрімен да жұмыс істейтін мұндай орталық Қазақстанда жалғыз екендігін, тіпті ТМД аумағында да жоқтығын айтады.
Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін тек газбен жұмыс істеуге көшкен мекеме көмір мен мазутты төтенше жағдайлар орын алғандай болса, қауіпсіздік үшін ғана ұстап отырғандығын айтады.
Қысқасы, кезінде қала шеті деп салынған ЖЭО-1 қазір қаланың қақ ортасында тұр. Мұнда қазір білікті мамандар қайта жабдықтау жұмыстарын қызу жүргізуде. Сол сияқты қылышын сүйретіп қыс келгенше «Самрұқ-Энергоның» барлық еншілес компаниялары сақадай сай дайындалып үлгергенін көрдік. Мәселен, «Алматы электр станциялары» АҚ-ның барлық кәсіпорындарында отынның қажетті пайдалану қоры жасақталып, 514 мың тонна көмір, 45 мың тонна мазут жинақталған. Және «АлЭС» АҚ барлық энергия нысандарында жөндеу жұмыстары атқарылған. Атап айтқанда, 19 энергетикалық және 19 су жылыту қазандықтары, 13 бу турбинасы, 20 сутурбинасы жөнделген. Жөндеу жұмыстарына керекті қаражат 3,9 миллиард деп жоспарланған болса, 10 ай барысында игерілген қаржы сомасы 3,71 миллиард теңгені (95 пайыз) құрайды.
Атқарылған жұмыстары көзбен көріп, көңілге түйгеннен кейін журналистік сапар соңында Самрұқ-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Валерий Ли баспасөз брифингін өткізіп, көптеген сауалдарға қатысты тыңғылықты жауаптар берді.
АЛМАТЫ.