Тұрмыстық жағдайларда электр энергиясын 30 пайызға дейін үнемдеуге болады

Энергия ресурстарын үнемдеу мемлекеттің стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылады. Сонымен қатар халық арасында энергия үнемдеуге мүдделілік, сондай-ақ экономикалық ынталандыру жоқ.

Қазақстандықтар бұрынғысынша энергия үнемдеу идеяларына күмәнмен қарайды, үнемдеу әдістері шынымен тиімді бола алатынына сене қоймайды. Сол себепті бұл мәселеде мемлекет әзірше тұтынушыларға мүмкін ұнамайтын, бірақ нәтижелі әдістерін қолданады. Әңгіме тариф қалыптастыру жайлы болып отыр.

Мысалы, ҚР Табиғи монополияларды реттеу (ТМРА) агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласында аймақтық тарифтерді қолдану тұтынушыларға 564 млн. теңге көлемінде ақша үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазақстанның ең ірі қаласы бола тұра, Алматы өз өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін көп ресурстарды талап етеді. Электр қуаты қаланың тіршілігі мен жұмыс істеуінің ең маңызды көздерінің бірі болып табылады. Қаланы жарықпен және жылумен Алматылық 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО (электр және жылу қуатын өндіретін), Қапшағай ГЭС, ГЭС Каскады (электрқуатын өндіретін), Батыс жылу кешенінің қазандықтары (жылу қуатын өндіретін) қамтамасыз етеді. Осы нысандардың барлығы «Алматы электр станциялары» АҚ («АлЭС» АҚ) құрамына кіреді және орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағының шамамен 70% жылу және 72% электр қуатымен қамтамасыз етеді.

– 2011 жыл ішінде Алматы 5 438 501 мың кВт-сағ. тұтынды. Бұл ретте қала үшін ай сайын 453 208 мың кВт-сағ. қажет. Алматылықтар тәулігіне 14 900 мың кВт-сағ. тұтынады. Әр сағат сайын 620 мың кВт-сағ. жағылады. Әрине, Алматы жаз айларына қарағанда қыста қуатты көбірек тұтынады. Мысалы, 2011 жылдың қысқы кезеңінде қалалықтар 1 674 020, бір айда – 558 007, бір тәулікте – 18600, ал бір сағатта – 775 мың кВт-сағ. жұмсады. Ал жазда болса электр энергиясын өндіретін объектілерге түсетін жүктеме деңгейі азайады. Жалпы 2011 жылдың жазғы кезеңінде Алматы 1 220 835, бір айда – 406 945, бір тәулікте – 13 270, бір сағатта – 553 мың кВт-сағ. жұмсады, –«Алматы электр станциялары» АҚ бас инженерінің міндетін атқарушы Ғази Исмухамбетов сандар жөнінде осындай ақпарат берді.

Алматыдағы электр беріліс жолдарының шамамен 30 пайызын әуе желілері, ал 70 пайызын – кәбілдік жерасты желілері құрайды. Қазір ескірген кәбілдік желілерді жаңаға ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Алматыда жарық пен жылу болуы сыртқы факторларға байланысты болмау үшін қосымша қосалқы станцияларды пайдалануға енгізу жоспарда. Бұл Алматы айналасында энергетикалық сақина құруға және үздіксіз электр энергиясын жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алайда, жылу мен жарық белгісіз жерден шықпайды. Оларды өндіру үшін көмір, газ және мазут сияқты ресурстар қажет. Және үлкен көлемде қажет. Мысалы, электр қуатын өндірудің бір сағатында орта есеппен алғанда 211 тонна көмір, 1,5 мың текше метр газ, 0,8 тонна мазут жұмсалады, ал бір тәулікте тура сол ресурстардың жұмсалымы мынадай: 5064 тонна көмір, 36 мың текше метр газ, 19 тонна мазут. Бір айда қалаға электр энергиясын өндіруге 154 080 тонна көмір, 1 071 текше метр газ және 570 тонна мазут керек болады. Егер барлық сандарды біріктіріп жылдық бөлгішке аударатын болсақ, келесі нәтижені көруге болады: 2011 жылы Алматы үшін электр қуатын өндіруге 1 848 951 тонна көмір, 12 858 текше метр газ, 6 841 мазут жұмсалды. Салыстыру үшін, бір стандартты вагонға 70 тоннаға дейін көмір сияды.

Бұл ретте қала экологиясына үлкен жүктеме, әсіресе пайдаланылатын жабдықтың технологиялық жағынан артта қалу тұрғысынан түседі. Қарапайым тұтынушыларға түсінікті болу үшін осындай санды ұсынайық: бір киловатт-сағат ішінде атмосфераға 500 грамм CO2 шығарылады. Бұл мәселе бойынша Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов айтқанын естеріңізге сала кетейік.Атап айтқанда, екі жыл бұрын ол қала тұрғындарын энергияны өздері үшін үнемдеуге шақырды. Оның айтуынша, «қаламыздың әрбір азаматы электр қуатын тұтыну кезінде ауаға 16 килограмм зиянды заттардың шығарылуына ықпал етеді». Қазақстанда әртүрлі деңгейлерде энергия үнемдеуші технологиялар біртіндеп енгізіліп жатқанын, аймақтарда тиісті жобалар жүзеге асырылуда екенін атап өткен жөн. Дегенмен жергілікті іске асырылған бастамалардың біреуі де әзірше облыстық деңгейге шыққан жоқ.

Кейбір деректерге қарағанда, Қазақстанда жарықтандыру жүйелерінің 75 пайызы онша тиімді емес, өйткені өткен ғасырдың 70-ші жылдарының технологиялары бойынша құрылды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің берген бағасына сәйкес, әлемдегі барлық тұтынылатын электр қуатының 19 пайызы жарықтандыруға жұмсалады. Бұл ретте қазіргі заманғы жарық беру технологиялары тұтынылатын электр энергиясының көлемін 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Энергия үнемдеу технологиялары көшеге жарық түсіру жүйесіне енгізу (жұмсалатын қаражатты 65 пайызға дейін үнемделеді), әкімшілік ғимараттарды, мектептерді, кеңселерді жарықтандыру (ықтимал үнем шамамен 75 пайыз құрайды) кезінде көп өнім береді.

Энергия үнемдейтін технологияларды енгізу өнеркәсіпте 60 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, қала өкіметінің деректеріне сәйкес 2009 жылы Алматы әкімдігінің ғимаратына мұндай технологияларды енгізгеннен кейін электр тұтыну көлемі 38 пайызға азайды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің тағы бір бастамасы – энергия тиімділігі орталықтарын құру жөніндегі жасалатын жоспарлары. Президенттің тапсырмасы бойынша 2012 жылы Астанада, Алматыда және Ақтөбеде энергиялық сылбыр үйлердің құрылысы басталады, онда жылу энергиясын тұтынуы стандартты үлгілік көрсеткіштермен салыстырғанда 30 пайыздан аспайтын болады.

Мұндай үнемділікке тиімді жылылықты қабырғаларда сақтау арқылы және жаңғыртылатын энергия көздерін (күн мен жердің жылуын, желдің күшін) қолдану арқылы жеткізуге болады.

Еуропа тәжірибесі көрсеткендей, 1970-жылдарға дейін салынған ескі ғимараттарды жылыту және салқындату үшін жылына шамамен 300 кВт-сағ/м2 талап етеді, 1970-2002 жылдары Еуропада салынған жаңа ғимараттарға жылына 150 кВт-сағ/м2, қуатты аз тұтынатын үйлерге жылына 60 кВт-сағ/м2 кетеді, ал пассивті үй жылына 15 кВт-сағ/м2 талап етеді.

Өкінішке орай, энергия үнемдеу біз үшін қымбат екен. Мысалы, осындай үй салу кезінде жәй үй тұрғызу құнымен салыстырғанда шығындардың көлемі 3-тен 30 пайызға дейін көтеріледі. Бұдан басқа, өз уақытында мәжіліс депутаты Сейтсұлтан Аимбетов балама энергия көздерін пайдалану қажеттігі туралы айтқанда, «балама энергияның өндірісі мен құны дәстүрлі энергиясын өндіру құнына қарағанда үш есе және одан да көп есе жоғары болады» деп атап өтті.

Егер тұрмыстық деңгейге түсетін болсақ, онда қызмет мерзімі қысқа энергия үнемдегіш шамдар тыйым салынған қызу шамдарына қарағанда 10 есе қымбат болып шықты.

Тұрмыста электр энергиясын тұтыну жөніндегі сандық мәліметтер осындай: тоңазытқыш – 30 пайыз, суды жылыту және қайнату – 14 пайыз, электр плита – 11 пайыз, кір жуғыш машина – 9 пайыз, жарықтандыру – 9 пайыз, шаңсорғыш – 8 пайыз, теледидар – 5 пайыз, ыдыс-аяқ жуу машинасы – 5 пайыз, басқа аспаптар – 9 пайыз құрайды.

Дегенмен, электр қуатын үнемдеу өте пайдалы болып табылады. «АлматыЭнергоСбыт» компаниясы шығарған энергия тұтынушылардың анықтамалығына сәйкес қарапайым ережелерін пайдалану арқылы тұрмыста электр қуатын 30 пайызға дейін үнемдеуге болады. Бұлтиісінше коммуналдық төлемдерді азайтады.

Ең қолайсыз жағдай – электр құралдар өшірулі және күту режимінде болған кезде, бірақ әлі де қуат көзіне қосылып тұрған кезже ысырапқа әкеледі. Мәселен, тоққа қосылған теледидар сіздің бюджеттен жылына 1250 теңге, музыкалық орталық – 1000 теңге, DVD-ойнатқыш – 500 теңге алады. Розеткада қалдырған ұялы телефонға арналған зарядтау жабдығы – 700 теңгеге дейін, ал компьютер мен қысқа толқынды пеш бірге 3600 теңгеге дейін жейді.Осылайша, жыл сайын ең азы 7000 теңге ақшаны құрал розеткеде қосылып тұру үшін ғана төлейсіз. Ал егер сіздің тұрмыстық техникаңыз А++ класстан төмен болса, онда бос шығындарға жылына тағы 2500 теңгеден 3750 теңгеге дейін қосуға болады.

Бірақ бір қызығы, электр қуатын үнемдеу ережелерін орындау өте оңай және адамға күшінен тыс күш-жігер салуға талап етпейді: керексіз жарықты сөндіріңіз, электр аспаптарды standby режимінен өшіріп тастаңыз, шамдарды энергия үнемдеуіш лампаларға ауыстырыңыз, экологиялық таза энергия көздеріне ауысыңыз, терезелерді жылытып тастаңыз.

Ең соңында қосатыным, азаматтарды жыл сайынғы «Жер сағаты» акциясына қатысуға шақырғым келеді. Сөйтсек, мұндай жарықты бір сағатқа жаппай ажырату бойынша шараның маңызы бар. «АлматыЭнергоСбыт» деректеріне сәйкес «тәжірибе көрсетіп отырғандай, «Жер сағаты» акциясына қатысу барысында Алматы өңірінде электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 8-10 пайызға азайады».

Алина БЕКИРОВА, Алматы