2012 жылы экологияны сауықтыру шараларына 2,6 млрд. теңге бөлінді

Жуырда шаһарымыздың бас ордасында өткен алқалы кеңесте қала әкімдігі, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі және «Самұрық-Энерго» АҚ қала экологиясын сауықтыруда бірлесе іс-қимыл жасау жөнінде үшжақты Меморандумға қол қойған болатын. Мақсат – ажарлы аймақтың ауа бассейніне бөлінетін улы газдар мөлшерін мейлінше азайту, өзен-көлдер мен тамылжыған табиғаттың тынысын ашу, түрлету.
Басқосуда қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Алтай Рахымбетов соңғы 4 жыл ішінде қоршаған ортаны оңалдыру жолында қыруар шаруаның нақты іске асқанын айтып өтті. Ол – 8 мың гектар алқаптың көгалдандырылып, гүлдендірілуі, ол – ауаның жауы – автокөліктердің кезең-кезеңімен табиғи газға көшірілуі. Бүгінгі күні экологиялық таза көгілдір отынға көшуге ниет білдіргендерге шағын несиелер ұсынылуда. «Бұл қадам өз кезегінде автокөлік иелерін, кәсіпорын-мекемелерді ынталандырады» деді қала Әкімі Ахметжан Есімов сол жиында.
Сондай-ақ, шаһар басшысы қаланың ауа бассейніне 30 пайыз улы газдар шығарып отырған 1-ЖЭО, 2-ЖЭО түтін пештерін қайта құрылымдау қажеттілігін атап өтіп, үстіміздегі жылдың соңына дейін шаһар ішінде орналасқан 1 жылу-электр орталығын көмірден газға ауыстыру жөнінде тапсырма берген еді. Біз «Алматы Электр Станциялары» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Тауфикұлы Мухамед-Рахимов мырзаға жолығып, бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатқандығы жөнінде аз-кем тілдескен едік.

Нұрлан Тауфикұлы Мухамед-Рахимов «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы:
1-ЖЭО көгілдір отынға көшуге әзір
- Қаланың экологиясын сауықтыруға арналған айтулы кеңесте өзіңіз де болдыңыз, сөз сөйледіңіз. Жалпы, бірнеше кәсіпорындарды біріктірген бірлестік төңірегінде айта кетсеңіз?
- Иә, басқосуда көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Бүгінгі таңда қоршаған ортаны сауықтыру бүкіл дүние жүзінде басты тақырыпқа айналып отыр. Мойындау керек, соңғы 3-4 жыл бедерінде бұл бағытта қаламызда қыруар жұмыстар қолға алынды. Сол жиында шаһар басшысы атап кеткендей, қазіргі күні қала аумағына соңғы жылдары қосылған шағын елдімекендерді қоса алғанда экологиялық таза табиғи отын – газбен 83 пайыз қамтамасыз етілген, ал келесі 2013 жылы бұл жұмыс толық мәресіне жетеді деп отыр. Сондай-ақ, бірінен кейін бірі ашылып жатқан техникалары газбен қозғалатын муниципалды парктер бар, осының бәрі туған қаламыздың әсем табиғатының, Алматының саф алтындай ауа бассейнінің тынысын тазалауға әсерін тигізбей ме?
- Дұрыс айтасыз. Алайда, Алматының ауасын автокөліктер 80 пайызға дейін былғап келсе, сіздердің құзырларыңыздағы қаланың қақ ортасында орын тепкен 1-ЖЭО алып пеші 30 пайызға дейін ластайтыны туралы да сол кеңесте айтылды.
- Біздің компанияның құзырындағы энергия қуатын бөлетін алып пештер Алматы қаласы мен облысын 70 пайыз жылумен және 72 пайыз электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Расында да, осы уақытқа дейін бізге Екібастұз көмір бассейні сапасыз өнім жеткізіп келді. Тәулігіне 1 мың тоннаға жуық көмір қабылдаймыз. Енді жағдай өзгеретін шығар, өйткені, жиын барысында қала Әкімі А.Есімов Үкімет мүшесі Нұрлан Қаппаровқа алдағы уақытта елімізде ерекше мәртебесі бар Алматыға зиянды газды аз бөлетін сапалы көмір өнімін жіберуді назарға алуды өтінді. Және бұл мәселені Үкімет отырысында көтеруді сұрады. Реті келгенде айта кетейін, қазіргі таңда 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО пештерін жалғастыру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс аяқталғанда ауаға бөлінетін улы газдар 1 млн.312 тоннаға төмен түсетін болады. Сонымен қатар, осы жылғы қыс маусымында 1-жылу-электр орталығы толық газға көшеді. 2011 жылы орталық пештеріне газтарату қондырғылары орнатылды, ендігі жерде станса жыл соңына дейін қайта құрылымдаудан өтіп үлгереді. Нәтижесінде, қаланың ауа бассейіні тазаланып қалады.
- Аймақтың экологиясын сауықтыруға компания қаншалықты үлес қосып келеді?
- «Алматы Электр Станциялары» АҚ 2011-2012 жылдардан бастап, ҚР Экологиялық кодексі және ҚР Салық кодекстеріне сәйкес халықаралық стандарттар құрылымдарына (ИСО) көшкен. Компания қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін мойнына алған экологиялық төлемақыны нақты мерзімде төлеп келеді. Бұл сома 2011 жылы 529 млн теңгені құрады. Ал, есепті 2011 жылы компания департаменттері түрлі табиғатты қорғау шараларына 4,7 млрд. теңге жұмсады. Үстіміздегі 2012 жылы бұл бағытта 2,6 млрд.теңге жоспарланып отыр. Сонымен қатар, агрегаттарды жаңалағанда ауаға улы газдарды ең төменгі мөлшермен шығаратын соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды, қондырғыларды пайдаланып жатырмыз. Мұның барлығы жылына ауаны ластауды 30 пайызға дейін азайтатын болады.
Экономиканың локомотиві – энергетика
- Мұнаралары аспанмен таласқан жылу орталықтарының пайдалану мерзімдері туралы айтсаңыз.
- Жаңағы өзің айтқан қаланың ортасындағы 1-ЖЭО осы Алматы халқына, жылдан бері қызмет етіп келеді. Ал, 3-ЖЭО-ның іске қосылғанына – 50 жыл. Бұлардың ішіндегі ең қуаттысы 2-жылу-электр орталағының құрылысы 1974 жылы басталып, 1980 жылы бірінші блогы іске қосылды. 1978-1983 жылдар аралығында бірінші кезеңінің құрылысы аяқталса, 1984-1989 жылдары құрылысының екінші кезеңі жүрді. Айта кету керек, 2-ЖЭО – Қазақстандағы ең ірі жылу және электр қуатын бөлетін алып құрылым. Негізгі пайдаланатын отыны – көмір. Қазіргі таңда қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Біз бір нәрсені есте ұстауымыз керек, Алматы қаласын осыдан 30-40 жыл бұрынғы қаламен салыстыруға болмайды. Жыл сайын кәсіпорындар көбейіп, құрылыс қарқыны қарыштап келеді. Зәулім-зәулім тұрғын үйлер бірінен кейін бірі сап түзеуде. Индустриялық-инновациялық жобалар да осында шоғырлануда. Демек, бұл энергетикалық қуатқа деген жүктеме екі есе жеделдейді деген сөз. Қарапайым логикаға сүйенсек, экономиканың локомотиві – энергетика.
Біздің «АлЭС» АҚ жөнінде айта кетсем, компания «Самрұқ-Энерго» АҚ құрамында. 2007 жылдан қайта құрылымдаудан кейін Алматы аймағын жылу және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етіп келеміз.
Жылына 245 млн. кВт қуат өндіретін Кербұлақ ГЭС-і құрылысы қолға алынды
- Компания құрылымында бірнеше кәсіпорындар бар екендігін білеміз. Жалпы, аймақтың қанша мамандарын жұмыспен қамтып отырсыздар?
- «АлЭС» АҚ энергокешені жүйесінде жоғарыда айтқан үш жылу-электр орталықтарынан өзге Қапшағай ГЭС-і, Батыс жылу кешені, Алматы Каскад ГЭС-і, «Энергожөндеу» өндірістік-жөндеу кәсіпорны секілді бірқатар еншілес мекемелер жұмыс істейді. Тұтастай алғанда, 3400-ге жуық мамандар еңбек етеді. Жалақылары тұрақты, белгіленген заң шеңберінде әлеуметтік әлеуетпен қорғалған. Тағы бір айта кетер жәйт, қазіргі таңда Кербұлақ ГЭС-і құрылысын қолға алып жатырмыз. Бұл энергия көзі іске қосылғанда Қапшағай ГЭС-іне түсетін жүктеме анағұрлым азаятын болады. Оның қуаттылығы 33 МВт және жылына 245 млн.кВт энергия қуатын өндіруге қауқарлы. Бұл дегеніміз келешекте аймақ халқы қуат көздерінен тарықпайды деген сөз

- Байыпты әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Берік СӘДУАҚАС.