ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕЛІСІМ – ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУЛАРДА

    Алматы қаласының энергетиктері аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алға қойған мақсаттарын жүйелі түрде біртіндеп жүзеге асырып келеді. Жаңғырту бағдарламасы бойынша экономикалық тиімділігі аз уақыт ішінде байқалған бірнеше жобаларды жүзеге асырғаны көпшілікке мәлім.
    Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық бақылау комитетінің Аймақтық басқармасы, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының Алматы қаласындағы өкілеттілігі, «Алатау Жарық компанияс» АҚ, жергілікті басқару органына қарасты Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, сондай-ақ «Алматы электр станциялары» АҚ мамандары мен жауапты өкілдері бас қосып, «АлЭС» АҚ мен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі арасында 2014 жылы жасалған инвестициялық келісімнің орындалу барысын талқылады.
    «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР заңының 7 - бабы, 7-тармағының, 7-3-тармақшасына сәйкес 2015 жылы 22 сәуірде «АлЭС» АҚ 1-ЖЭО мәжіліс залында тұтынушылар мен басқа да мүдделі тұлғалар алдында жылу энергиясын өндіру және магистральді құбырлармен су беру, химиялық тазартылған су дайындау, кірме жолдар қызметін ұсыну секілді реттелетін қызметтер сапалы ретін ұсыну бойынша жыл сайынғы есеп беру баяндамалары тыңдалды.

2015-06-01 061717

    Қоғамдық тыңдау барысында «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасының дамыту жөніндегі орынбасары Ғ.С.Жаңбыршы есеп берді.
Басқарма Төрағасының есеп беруінде өкілетті органмен бекітілген 2014ж. инвестициялық бағдарламаның орындалуы, 2014ж. Қоғам қызметінің негізгі қаржы- экономикалық көрсеткіштері, есепті жылда жылу энергиясын өндіру және магистральді құбырлармен су беру (химиялық тазартылған су дайындау), кірме жолдар қызметі сияқты ұсынылған реттелетін қызметтердің көлемі, тұтынушылармен өткізілген жұмыстар, өкілетті органмен бекітілген 2014ж. тарифтік сметаның баптармен орындалуы, алдағы қызметтер туралы (даму жоспары), соның ішінде реттелетін қызметтер тарифтерінің өзгеру ықтималдылығы туралы мәселелер қамтылды.
    «АлЭС» АҚ инвестициялық бағдарламасына енгізілген шаралар энергия көздері өндірісінің ағымдағы деңгейіне қолдау көрсетуге, қолданыстағы активтерді қайта құру және техникалық жарақтандыруға, табиғатты қорғау шараларын орындауға, энергия сақтау және үнемдеу бойынша шараларды жүзеге асыруға бағытталған.

Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ