ЖОҒАРЫ САПАМЕН БИІК ДЕҢГЕЙГЕ

Бүгінде Алматы электр энергиясы өкілдері тұтынушыға бағытталған, оны алғашқы орынға қоятын саясат жүргізіп келеді. Олар тұтынушыларға жеткізілетін электр энергиясының 70%-ын өндіріп, сондай-ақ отын энергиясымен 78%-ға қамтамасыз етеді. Тұтынушыға бағытталған саясат монополияға қарсы заңнама талабы ғана емес, электр энергиясы кешенінің дамуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып отыр.
«Алматы электр стансалары» АҚ өкілдері компания қызметінде бұл уақыт талабына байланысты ешқандай қарама-қайшылықтың жоғын айтады. Өйткені электр энергиясы жүйесі ¬¬– әлеуметтік тұрғыдан алғанда ең сезімтал сала. Сол себепті тұтынушылармен арадағы өзара түсіністік екі тарапқа да ортақ жауапкершілік артылатынына, экономикалық тұрақтылыққа берілетін кепіл болып табылады. Міне, компания өзінің ұзақ мерзімдік даму жоспарында мәселенің дәл осы қырына ерекше астар беріп, маңызын арттырып отыр. Алматы электр энергиясы өкілдері бес жылға жуық уақыттай АлЭС-тің іскерлік этикасы кодексіне бағына отырып жұмыс істеуде. Аталмыш кодексте компания қызметкерлері арасында ғана емес, жеткізушілермен, іскерлік байланыстағы әріптестерімен, тұтынушылармен, тіпті мемлекеттік орган қызметкерлерімен қарым-қатынас ережесі мен тұжырымдамасы бекітілген. Үнемі өткізіліп тұратын қоғамдық тыңдаулар, тұтынушылармен кері байланыстың барлық мүмкін деген ашық арналары екі тарап арасындағы сұхбаттар мен келіспеушіліктерді айқын жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеткізушілер мен тұтынушылар, қызмет көсретушілердің бірін-бірі дұрыс түсінуіне жағдай жасайды. Кері байланыс формаларының ішінде қолданылатын тағы бір құрал түрі – жүйелі жүргізіліп отыратын сауалнама. Мысалы, 2013 жылы тұтынушылар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша 5 балдық жүйемен есептегенде компания бағасы 4,4-ті көрсетсе, 2014 жылы 4,5 балды көрсеткен. Бұл сауалнама арқылы тұтынушылар АлЭС-тің келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін қалай атқаруына, ұсынатын өніміне көңілі толатындықтарын білдірген.
Алматы электр энергиясы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі құрметіне жылдың қорытынды кезеңінде қол жеткізген екі маңызды нәтижесін ерекше бөліп көрсетеді. Оның алғашқысы электр энергиясы кешенінің жыл бойы кідіріссіз жұмыс атқаруы болса, екіншісі қоғам өкілдері және тұтынушылармен арада дәл сондай кідіріссіз жүргізілген сұхбат, түсінікті қарым-қатынас. Соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша компания өз тұтынушыларына 4,5 млрд.кВт сағат электр энергиясы мен 4,7 млн.Гкал жылу өндіріп, жеткізген.
Компания қызметкерлері кәсібилік пен еңбек ұжымының ұйымшыл жұмысы, өндіріс үдерісінде кең көлемде жүргізілген жаңғырту жұмыстары мен өндірістік қуатты арттыруға бағытталған қайта жөндеу жұмыстары АлЭС-тің тұрақты әрі өскелең дамуын қамтамасыз ете алды деп есептейді. Бұл жаңғырту мен жөндеу жұмыстары өндірістегі негізгі құралдардың қолданыста болған уақытын төмендетуге, олардың өндірістік қуатын 70 МВт-қа өсіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ бұл жағдайлар электр энергиясын үнемдеуге және жеке қажеттіліктерді өтеуге кететін шығынды төмендетуге байланысты үлкен бағдарламаны жүзеге асыруға көмектескен. Нәтижесінде жүйенің сенімділігі мен аяқ асты істен шығуға қарсы тұруы беки түсіп, ішкі ресурстар реттеліп, үнемділік қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде өндіріске жұмсалатын шығын өсімі мен жіберілетін тарифтер арасындағы айырманы өтейді.
«Алматы электр стансалары» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Мұхамед-Рахимовтың айтуынша, компанияның қоғаммен байланыс, тұтынушылармен арадағы қарым-қатынасы маңыздылығы бойынша жай болуы тіпті де мүмкін емес. «Бұл қарым-қатынас арқауы өте өзекті және ол үзілмеуі тиіс. Өйткені бір жағынан тұтынушылардың бізден не күтетінін естіп-біліп, сондай-ақ ағымдағы қызметімізді қалай бағалайтынын білсек, екінші жағынан оларға компания жүргізіп жатқан қыруар жұмысты жеткізе аламыз. Компания аймақтың өсіп келе жатқан электр энергиясы мен жылуға деген сұранысын қалай қамтамасыз етіп келе жатқанымызды ірікпей айта аламыз. АлЭс-тің тарифтік саясатын жасырмай айтып, туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдарын шынайы көрсетеміз. Тұтастай алғанда ұлттық электр энергиясы қауіпсіздігі жүйесінің стратегиялық жоспарлануы бойынша мемлекеттік саясатты ескере отырып жасақталған компанияның стратегиялық дамуы туралы жеткіздік. Сонымен қатар, тұтынушылармен Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында көрсетілген, әрі Жаңа Экономикалық Саясатқа негізгі бағыт есебінде кіргізілген аймақтың электр энергиясы инфрақұрылымының дамуы барысындағы жоспарларымызбен бөлісеміз», дейді ол бұл орайда.
АлЭС аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алға қойған мақсатын жүйелі түрде біртіндеп жүзеге асырып келеді. Жаңғырту бағдарламасы бойынша экономикалық тиімділігі биылдың өзінде байқалған бірнеше жобаларды жүзеге асыруды аяқтап та қойды. Мысалы, ТЭЦ-1 және ТЭЦ-2 су алу-жинау құрылысы және Қапшағай СЭС-те су есептеу құрылғысын орнату миллиондаған теңгені үнемдеуге мүмкіндік берген. Осы СЭС-тің арнасын тазарту арқылы электр энергиясының өндірісі жылына орташа есеппен алғанда 16 млн.кВт-қа өсетін болады. Бұл электр энергиясы жетіспеушілігі бар аймақ үшін өте маңызды үстеме. Компанияда табиғатты қорғау, дұрыс пайдалану мақсатында да маңызды жұмыстар жүргізілуде. Экологиялық жағдайды түзеуге арналған шаралардың жүзеге асырылуы жақсы нәтиже беруде. Компания барлық ТЭЦ өндірістік департаменттеріне парниктік газдар шығаруға сертификаттар алды. Олар тексеруші құзыретіндегі компаниялармен келісілген. Ал халықаралық стандарттарға сай екендігі өз алдына. Өткен көктемде «TUV NORD» халықаралық компаниясы электр энергиясы менеджменті бойынша өткізген ISO 50001 сертификаттау жүйесінен табысты өтті. Осылайша бұдан бұрын да табысты өткен бірнеше серификаттар жүйесі біріктірілуде.
Нұрлан Тауфиқұлының айтуынша, АлЭС-те күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе – кадрлық қамтамасыз ету. Осы орайда компания өз қаражатына Алматы энергетика және байланыс университеті мен Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде жас мамандар дайындау үстінде. Ал компанияның өндірістік базасы олар үшін таптырмас диплом алды жұмыстарын жүргізу және тәжірибе жинақтау алаңы болып табылады. «Біз осылайша, ағымдағы мәселелерді шешіп келеміз. Болашақ мамандар дайындау ісі, электр энергиясы мамандары өз тәжірибелерімен бөлісуі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл дәстүрге берілгендік қана емес, сонымен қатар еліміздің жарқын болашағын қалыптастыру бағытында жасалып жатқан игі істер, қамқорлық деп түсінуге әбден болады», деді ол.

Венера ТҮГЕЛБАЙ