Жылу мәселесі қашан да өзекті

«АлЭС» АҚ-ның 2009-2013 жылдарға арналған инвестициялық міндеттемелері орындалу барысы жайында
Өткен аптада бір топ журналистер қауымы «Алматы Электр Стансалары» (АлЭС) АҚ-ның 2-жылу электр орталығының (2-ЖЭО) қазіргі қал-ахуалымен танысып қайтты. Мұндағы мақсат – «АлЭС» АҚ-ның 2009-2013 жылдарға арналған инвестициялық міндеттемелерін орындау барысымен танысу.
Жалпы, бүгінде «АлЭС» АҚ Алматы қаласы мен Алматы облысында жылу және электр қуатын өндіру және қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын энергия өндіруші мекеме болып табылады. Компанияның таратқан мәліметтерге сүйенсек, бүгінде оған қарайтын энергия өндіруші нысандарындағы құрылғылардың 60-70 пайызы тозып тұрған көрінеді. Әсіресе, 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, «Каскад» СЭС-індегі қондырғылардың жағдайы заманауи жабдықтармен алмастыруды қажет етіп тұр.
Десек те, 2-ЖЭО-на жасаған сапарымызда компания басшылығы ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде құлағдар етіп, қазандықтар мен бу, су айдаушы, сонымен бірге, электр тогын таратушы жабдықтарды жөндеп, жаңартып, қазіргі заманғы құрылғылармен алмастырып жатқандарын нақты дәйектермен баяндап берді. Тіпті, түгелдей жаңадан салынған коллектор ғимараты жақын уақытта, жылыту маусымының басталуымен іске қосылмақ. Сонымен қатар, бұрынғы ескі бойлерлер орналасқан ғимаратқа жапсырыла жаңасы салынып, ол да алдағы жылыту маусымында қалтқысыз қызмет көрсетуге дайын тұр. Үш ЖЭО-нда да магниттік көрсеткіштер орнатылып, желдеткіштер күрделі жөндеуден өткізіліп, тұзын алу үшін тұзды судың суын құрғататын градирняларға да жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, баспасөз-турында «АлЭС» АҚ инвестициялық міндеттемелерді қалай орындап жатқаны сөз болды. Тілшілерге таратылған мәліметтер бойынша, қаражаттың 31 пайызы – өндіріс көлемін ұлғайту, 3,1 пайызы – өндіріс шығынын азайту, 34 пайызы – өндірістің қазіргі жағдайын ұстап тұру, 18 пайызы – күл қоймасы құрылысы және 14 пайызы – табиғатты қорғау шараларына жұмсалған екен.
«АлЭС» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Ғалым Сәдуақасұлының айтуына қарағанда, алдағы уақытта 2-ЖЭО-на жақын жерден 2017 жылы қаламызда өтетін Қысқы Универсиада ойындарының нысандары салынбақ. Сонымен бірге, сол маңнан қалаға қарай басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызылмақ. Яғни, мұндағы мақсат, оларға жылу мен жарықты жақын жерден тарту көзделіп отыр. Бұл ретте, Ғалыс Сәдуақасұлының айтуынша, түтін будақтап жатқан алып қос мұнараға түтін тұтқыштар орнатылып, ауаға тарайтын улы газдың мөлшері айтарлықтай азайтылып отыр.
Айта кетейік, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға қатысты қала әкімі Ахметжан Есімовтің бастамасы бойынша, 1-ЖЭО түгел экологиялық таза отынға көшкен болатын. Дегенмен, сақтықты да ұмытпау керектігі ескеріліп, қыста қатты суық орын алып жатса, оған қосымша отын ретінде көмір мен мазут дайын тұр.
Жылу мен электр қуатының қала тұрғындарына аман-есен жетіп, қажетіне жарау үшін, апатты жағдайлардың орын алмауы өте маңызды. Бұл бағытта қолға алынған негізгі және қосымша құрылғыларды жыл сайын жөндеу жұмыстары нәтижесін беріп, қазіргі таңда апаттық оқиғалар 50 пайызға дейін азайған. Сондай-ақ, жиі алмастыруға түсетін сорғылар мен электр қозғалтқыштар, жұмыс орындарының жайлылығын қамтамасыз етуші құрылғылар және осы секілді өзге де ұсақ жабдықтар жиі жаңартылып отырады.
Үш бірдей ЖЭО мен «Каскад» және «Қапшағай» ГЭС-і кіретін алып компанияның қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған шаралары өз нәтижесін беріп, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туғызғалы отыр.
Осылайша, «АлЭС» АҚ өзіне алған инвестициялық міндеттемелерін белгіленген мерзімде жүзеге асырып, алдағы қыста қала мен облыс тұрғындарына үздіксіз жылу беру әрі сапалы қызмет көрсетудің алғышартын ойдағыдай орындап отыр.

Мәншүк БЕКБОСЫН