Заманауи жаңғыртулар – сапалы қызмет кепілі «АлЭС» АҚ инвестициялық міндеттемелерін орындау барысымен таныс етті

Ербол ТҰРЫМБЕТ
Қазан айының ортасынан басталатын жылу маусымында қала тұрғындарын қысқы суықты уайымсыз қарсы алатындай сенімді ету үшін қаламыздың бірнеше мекемесі жыл сайынғы дәстүрлі дайындықпен жұмыс істеп келеді. Жылдағы әдет бойынша, биыл да жылу беруші компаниялар «қызметімізге дайынбыз» деп, уәде беріп отыр. Жылыту маусымы жақындаған сайын, осы сала бойынша айналысатын компаниялар қаншалықты дайын екендіктерін көрсету мақсатында журналистер үшін баспасөз-турын ұйымдастыруда. Осы мақсатпен «Алматы электр станциялары» («АлЭС») АҚ да 2-жылу электр орталығының (2-ЖЭО) қазіргі қал-ахуалымен таныстырған болатын.

Ескі қондырғылардың заманы өтті

Айта кетейік, баспасөз-турында «АлЭС» АҚ инвестициялық міндеттемелерді қалай орындап жатқаны сөз болды. 2009 – 2012 жылдарға арналған бұл міндеттемелерді компания басшыларының айтуынша, 2013 жылға дейін созуға тура келген. Себебі, атқарылар ауқымды жұмыстар небәрі 1-2 жылдың көлемінде біте қоймайды. Сонымен, осы аралықта компанияның мойнында 51 млрд. теңгеден астам қаржыны орынды игеру міндеті тұрды. Тілшілерге таратылған мәліметтер бойынша, қаражаттың 31 пайызы – өндіріс көлемін ұлғайту, 3,1 пайызы – өндіріс шығынын азайту, 33,1 пайызы – өндірістің қазіргі жағдайын ұстап тұру, 17,8 пайызы – күл қоймасы құрылысы және 15 пайызы – табиғатты қорғау шараларына жұмсалған.
Жалпы, «АлЭС» АҚ Алматы қаласы мен Алматы облысында жылу және электр қуатын өндіру және қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын энергия өндіруші мекеме болып табылады. Компания таратқан мәліметтерге сүйенсек, бүгінде оған қарайтын энергия өндіруші нысандарындағы құрылғылардың 60-70 пайызы тозып тұр. Әсіресе, 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, «Каскад» СЭС-індегі қондырғылардың жағдайы заманауи жабдықтармен алмастыруды қажет етіп тұрғанға ұқсайды.
Дегенмен, компания бұл мәселеде қарап қалмай, тиісті шараларды қолға алып, жағдайды ретке келтіруге тырысып бағуда. 2-ЖЭО-на жасаған сапарымызда компания басшылығы ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде құлағдар етіп, қазандықтар мен бу, су айдаушы, сонымен бірге, электр тогын таратушы жабдықтарды жөндеп, жаңартып, қазіргі заманғы құрылғылармен алмастырып жатқандарын нақты дәйектермен баяндап берді. Тіпті, түгелдей жаңадан салынған коллектор ғимараты жақын уақытта, жылыту маусымының басталуымен іске қосылмақ. Сонымен қатар, бұрынғы ескі бойлерлер орналасқан ғимаратқа жапсырыла жаңасы салынып, ол да алдағы жылыту маусымында қалтқысыз қызмет көрсетуге дайын тұр. Үш ЖЭО-нда да магниттік көрсеткіштер орнатылып, желдеткіштер күрделі жөндеуден өткізіліп, тұзын алу үшін тұзды судың суын құрғататын градирняларға да жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Экологиялық ахуалға аса мән беріліп отыр

«АлЭС» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Ғазий Есмұхамбетовтың айтуына қарағанда, алдағы уақытта 2-ЖЭО-на жақын жерден 2017 жылы қаламызда өтетін Қысқы Универсиада ойындарының нысандары салынбақ. Сонымен бірге, сол маңнан қалаға қарай басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызылмақ. Яғни, мұндағы мақсат, оларға жылу мен жарықты жақын жерден тарту көзделіп отыр. Бұл ретте, Ғазий Жұмабайұлының айтуынша, түтін будақтап жатқан алып қос мұнараға түтін тұтқыштар орнатылып, ауаға тарайтын улы газдың мөлшері айтарлықтай азайтылып отыр.
– Қаланың ортасында орналасқан 1-ЖЭО-ның қала экологиясына тигізер әсерін азайту үшін, ендігіде ол орталық жеңілдетіліп, негізгі күш 2-ЖЭО-на түсетін болады. Ал, бұл жерден тарайтын жаңа жылу желісі салынып, нәтижесінде қос бірдей желі арқылы қалаға жететін жылу қорын оңай тасымалдайтын боламыз, – дейді ол.
Айта кетейік, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға қатысты қала әкімі Ахметжан Есімовтің бастамасы бойынша, 1-ЖЭО түгел экологиялық таза отынға көшкен болатын. Дегенмен, сақтықты да ұмытпау керектігі ескеріліп, қыста қатты суық орын алып жатса, оған қосымша отын ретінде көмір мен мазут дайын тұр.
Жылу мен электр қуатының қала тұрғындарына аман-есен жетіп, қажетіне жарау үшін, апатты жағдайлардың орын алмауы өте маңызды. Бұл бағытта қолға алынған негізгі және қосымша құрылғыларды жыл сайын жөндеу жұмыстары нәтижесін беріп, қазіргі таңда апаттық оқиғалар 50 пайызға дейін азайған. Сондай-ақ, жиі алмастыруға түсетін сорғылар мен электр қозғалтқыштар, жұмыс орындарының жайлылығын қамтамасыз етуші құрылғылар және осы секілді өзге де ұсақ жабдықтар жиі жаңартылып отырады.
Үш бірдей ЖЭО мен «Каскад» және «Қапшағай» ГЭС-і кіретін алып компанияның қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған шаралары өз нәтижесін беріп, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туғызғалы отыр. Әйтсе де, ескерерлік тағы бір жәйт, бұл жұмыстар алдағы уақытта қала тұрғындарының коммуналдық төлеміне кері әсерін тигізуі де мүмкін. Себебі, Ғазий Есмұхамбетовтың айтуына қарағанда, баға мәселесі қазіргі уақытта Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен өзара талқыланып жатқанға ұқсайды. Естеріңізде болса, жылу, газ секілді коммуналдық төлемдер бағалары биылғы қаңтар айында көтерілген болатын. Бірақ, нақты шешім әзірге белгісіз. Сондықтан, жақын арада баға көтеріледі деп даурығудың қажеті жоқ секілді.
Осылайша, «АлЭС» АҚ өзіне алған инвестициялық міндеттемелерін белгіленген мерзімде жүзеге асырып, алдағы қыста қала мен облыс тұрғындарына үздіксіз жылу беру әрі сапалы қызмет көрсетудің алғышартын ойдағыдай орындап отыр.