Жөндеу қызметі: жоспарлау, бақылау және аналитика

Көктем келісімен ақ «АлЭС» АҚ жабдықтарды жаңарту кезеңі – жөндеу кампаниясы басталып кетеді. Мұнда «Энергожөндеу» ӨЖК өндірістік департаменті негізгі буынды атқарады. Сегіз ай бойы күн деместен, түн деместен жөндеуші жұмыскерлер тапжылмастан еңбек етеді. Энергия көздерінің апатсыз жұмысы – бұл ең әуелі тұрғындарды жылу және жарықпен тұрақты түрде қамтамасыз ету.

Жөндеу кампаниясының басталысымен «АлЭС» АҚ алдында станциялардың негізгі және қосалқы жабдықтарын уақтылы және сапалы жөндеу сынды басым міндет белгіленеді. Осы ретте «Энергожөндеу» ӨЖК Жөндеу қызметі барлық жөндеу жұмыстарын дайындауды ұйымдастыратын және оның өтуін қамтамасыз ететін шешуші құрылымдық бөлімі. Аталған құрылымдық бөлім жас және білікті мамандардан құралған команда.

Бес жылға жуық уақыттан бері «Энергожөндеу» ӨЖК Жөндеу қызметін Айдар Иманқұлов басқарады.

- Инженер болуды 17 жасымда қаладым. Лицейдің жоғары сыныбында оқып жүргенімде оныншы сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шықтым. Ағаларыммен құрылысқа жалданып, жұмыс істеп, ақша тауып, бос отырмауды жөн көрдік. Әрине, қара жұмыстың неше түрін жасадық, таңдауға мүмкіндік жоқ. Жаздың ыстық күндері шатыр жабынына оқшаулағыш төсеу үшін биік ғимараттың шатырында жүріп, газ жанарғысымен жұмыс істейтінмін, кейде мені лифт шахтасына кен балғасымен бетон қағуға түсіретін, қабырғаларды әйнекватадан жасалған шағын плиталармен қаптайтынмын. Сол уақытқа дейін кім болуды армандамадым десеңізші, дәрігер, сосын адвокат, кейіннен дипломат, елші.

- Алайда түрлі қара жұмыстарды орындай жүріп, мен ақ каска және тап таза арнайы киім киген, сызбалар мен сұлбаларды қолтықтарына қысып алып, оған қайта - қайта қарап, нысанды аралап, өзара бір нәрсені талдап, талқылап жүретін инженерлерге таңырқай, қызыға қарайтынмын.

Олар жоғары техникалық білімі бар білікті әрі сауатты мамандар болатын. Міне сол кезде мен солар сияқты инженер болуды қаладым. Неге энергетика деп сұрарсыздар?

Бітіруші сыныпта төртінші пән - физиканы таңдаған болатынмын, ҰБТ тапсыруға тиянақты дайындалдым. Барлық талапкерлердің арманы болып табылатын грантқа ие болғым келді. ҰБТ –да 91 балл жинап, АЭжБУ жылу энергетикасы мамандығы бойынша грантқа түстім. Қызықты студенттік жылдарым маған көп нәрсе берген, алғысым шексіз және адал болып қала беретін Алматы энергетика және байланыс университетінің қабырғасында өтті. Аталған білім ордасын бітіріп, жылу энергетикасы бакалавры атанып, жылға жақын уақыт Алматы жылу желілерінде жұмыс істедім. 2012 жылы шілдеде мені Сәкен Сүйінбекұлы Түйтебаев өз командасында «Энергожөндеу» ӨЖК» жұмыс істеуге шақырды. Сол тұста аталған ӨД басқарушы директоры Асқар Құрмашұлы Шаңлақбаев болатын. Мен осындай ұсынысқа қуана келісім бердім, ұжым жылы қабылдады. Жөндеулер қызметі өндірісін басқаруды ұйымдастыру жөніндегі жетекші инженер лауазымына қабылдандым. Екі жылдан кейін осы аталған қызметтің бастығы болып тағайындалдым. Өз тарапымнан басшыларыма, атап айтсам Сәкен Сүйінбекұлы Түйтебаевқа, Асқар Құрмашұлы Шаңлақбаевқа және Игорь Анатольевич Глушковқа алғыс айтамын. Білдірген сенімдеріне рахмет, - деп ой бөлісті Айдар Иманқұлов.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Жөндеу қызметі жұмыс қарқыны еш дамылдамайтын «Энергожөндеу» ӨЖК өндірістік департаментінің озық құрылымдық бөлімі. Күн сайын жаңа істер, жаңа міндет. Мұнда бір сыдырғы жұмыс жоқ, әрдайым жаңа міндет, жаңа жұмыс, қиындықты жеңу арқылы жаңа нәрсені игеретін жаңа тәжірибе де аз емес.

Жаңа жылдың басында жылдық есептер жасалады, содан кейін жөндеу кампаниясы басталысымен уақыттың басым бөлігі өндірістік департаменттерде өтеді, жөндеу жұмыстары ұйымдастырылады, энергокөздерді жөндеу штабтарының және жөндеу жұмыстарын орындауға қатысты мәселелер шешіледі, осылардың барлығына қатысып, бас аяғында жүреміз. «Энергожөндеу» ӨЖК Жөндеу қызметі департамент ішінде барлық құрылымдық бөлімдермен, бас кеңсесінің көптеген басқармалары және «АлЭС» АҚ өндірістік департаменттерінің құрылымдық бөлімдерімен өзара тығыз әрекеттеседі.

«Энергожөндеу» ӨЖК жөндеу персоналымен жабдықты жоспарлы үлгілі және күрделі жөндеу жұмыстарының қыруар көлемі орындалады, жөндеу - техникалық қызмет көрсету және шұғыл авариялық – қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, 2018 жылғы жөндеу кампаниясы барысында «АлЭС» АҚ энергокәсіпорындарындағы 54 негізгі жылу энергетикалық жабдық жоспарлы жөндеуден өтті. Соның ішінде 20 энергетикалық қазан, 13 турбоагрегат, 19 су жылыту қазандары және т.б. Бұл тек «АлЭС» АҚ бекітілген кестесіне сәйкес орындалған жоспарлы жөндеу жұмыстары. «Энергожөндеу» ӨЖК сонымен қатар, жоспардан тыс қосымша метал конструкцияларын және қызатын беттерді әзірлеу, дірілбаптау, металды бақылау және т.б. жұмыс көлемдерін орындайды.

«Энергожөндеу» ӨЖК «АлЭС» АҚ департаменттері арасында жұмыскерлерінің саны ең көп көпсалалы жөндеу кәсіпорны. Білігі жоғары және өз ісінің шебері болып табылатын жұмыскерлер аталған кәсіпорынның негізгі ресурсы болып табылады. Солардың бірі жөндеу қызметінің бас маманы Данияр Батыров. Ол Алматы қ. көп балалы, суретші мен физика пәнінің мұғалімі отбасында дүниеге келген. Мамандықты дұрыс таңдауда Данияр анасына - физика пәні мұғалімінің берген кеңесі мен үлгісіне қарыздар.

- Бес жасымда жазғы демалыста анам мені жұмысына ертіп барды, деп әңгімесін бастады Данияр Батыров. – Алғаш рет электр техникалық аспаптарды мектеп зертханасында көрген болатынмын, анам қарапайым электр схемасын құрастырып, маған физикалық заңдылықтың бірі - лампочканың қалай жанатындығын көрсеткен. Содан кейін физикаға ден қойып, қызыға бастадым. Сол бағытпен Алматы энергетика және байланыс университетінің «Электр энергетикасы» мамандығына оқуға түстім. Алматы 2- ЖЭО өндірісімен 3 курстан кейінгі өндірістік практикада таныстым. Тұрғындарды жылу және жарықпен қамтамасыз ететін электр энергиясын және жылу қуатын өндіру барысы, өндіріс көлемі менің талабымды күшейтті, ынтамды арттырды.

ЖОО аяқтағаннан кейін 2008 жылы бірден 2-ЖЭО электр цехына электр жабдығына қызмет көрсетуші кезекші электр монтер болып жұмысқа қабылдандым. 2009 жылы «АлЭС» АҚ оқу орталығының ұсынысымен мамандарды оқыту бағдарламасы бойынша Алматы энергетика және байланыс университетінің «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша магистратураға және өз бастамаммен қосымша Алматы технологиялық университетіне «Экономика» мамандығына оқуға түстім.

Сол кезде мен вахталық жұмыс режимінде жұмыс істедім. Жұмысымды оқумен ұштастыра жүріп, «жұмыстан үйге, үйден жұмысқа» дейін дегендей, үйде сирек болатынмын. Сонда жұмыс орным екінші үйіме, ал электр цехының ұжымы отбасыма айналды. Оқыған кезеңде түсіністік танытып, қолдау жасаған барша әріптестеріме алғыс айтамын. 2 - ЖЭО – да жұмыс істей жүріп, үлкен өмір мектебінен өттім.

2011 жылы ақпанда диссертациялық жұмысымды қорғап, «Электр энергетика» мамандығы бойынша техника және технология магистрі ғылыми дәрежесін алдым, сол жылдың шілдесінде экономикадан дипломдық жобаны қорғап шықтым.

2013 жылы компаниямыздың барлық департаменттеріндегі жастардан «Жарқын болашақ» жастар ұйымы құрылды. Жастар ұйымының 1 – форумына қатысқаннан кейін қарым – қатынас аясын кеңейту, кәсіби өрісімді арттыру, тәжірибемен алмасу мақсатында жастар ұйымына мүше болдым. Ұйымға мүше жастар өз жұмысынан басқа барлық мәдени – көпшілік және спорттық іс –шараларға, қайырымдылық қорларының жұмысына қатысады.

2014 жылдан бері «Энергожөндеу» ӨЖК Жөндеулер қызметі өндірісін басқаруды ұйымдастыру жөніндегі жетекші инженерінің бос орнына конкурс бойынша өттім. «Энергожөндеу» ӨЖК негізгі қызметі - компаниямыздың барлық жабдықтарына жөндеу – техникалық қызметін көрсету болғандықтан жаңа жұмыс орнында мен 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО және БЖК өндірістік департаменттеріндегі энергия көздерінің электр және жылу жабдықтарының барлық құрамымен танысу, игерудің тамаша мүмкіндігіне ие болдым. Тату, ұйымшыл ұжым істің мән- жайын ұғынып, шаруаны дөңгелетіп алып кетуге үлкен септігін тигізді.

Жөндеу қызметінде бір жыл жұмыс істегеннен кейін «Энергожөндеу» ӨЖК басшылығының ұсынымен мені жөндеулер қызметі бастығы лауазымына кадр резервіне енгізді. Кадр резервінің аясында көптеген семинар, бизнес-тренингтер, курстар, бизнес-презентациялар, медиативтік құзыреттіліктер, «ОНВ РЭО энергетикалық жабдықтарды жөндеу» жүйесінің АВС-4 бағдарламасын пайдаланушы (сметалық бағдарлама), энергия өндіруші ұйымды басқарудың заманауи технологиялары және т.б. менеджерлерге арналған дәрістерден өттім.

2015 жылдан бастап 2016 жылға дейінгі кезеңде қызметкерлерді даярлау бөлімімен бірлесіп, жұмыскерлерге «ОНВ РЭО энергетикалық жабдықтарды жөндеу» жүйесінде АВС-4 бағдарламасының көмегімен сметалық құжаттарды жасау бойынша сабақ өткіздік. Осы ретпен «Энергожөндеу» ӨЖК –нің 60 –қа жуық және «АлЭС» АҚ басқа өндірістік департаменттерінің 25 жуық жұмыскерін оқыттым.

2015 жыл мен үшін ерекше жыл болды, БЖК – да жастар ұйымының бір жыл бойы атқарған жұмысы туралы есеп беру барысында мен жұбайым Асельмен таныстым. Жарты жылдан соң біз шаңырақ көтердік, компаниямыздың көптеген жастары оның куәсі болды. Қазіргі уақытта Кәусар және Алихан есімді екі сәбиіміз бар. Менің өмірімде «Алматы электр станциялары» АҚ –сының орны бөлек - үлкен отбасы, сүйікті кәсібім, жолдастарым және ұйымшыл ұжымым!

Көркемжан Рашидұлы, жетекші инженер, Жөндеулер қызметінде жақын уақыттан бері жұмыс істейді. Ол энергетиктер әулетінен. Оның отбасында энергетика саласында әкесі, кіші бауыры, әкесінің бауырлары мен олардың балалары үлкен еңбек әулеті болып жұмыс істейді.

- Мектеп оқушысы бола жүріп, өзіме үнемі сұрақ қоятынмын: «Болашақта кім болам?». Оған екі жауап табылатын: 1. Энергетика, 2. Медицина саласы, - деп ойын тарқатады Көркемжан Рашидұлы. – Әкемнің досы әрі әріптесімен кездескеннен кейін таңдауымды анық жасадым. Оның энергетика, турбина цехы, негізгі цех, қосалқы цех, қазандық, олардың жұмысы туралы айтқан әңгімесі маған ерекше әсер етті, қызықтырды. Өз ісінің нағыз шебері ретінде маған энергетик әкемнің жолын жалғастыруға кеңес берді. Мен мектептен кейін кім болатынымды, қандай жолмен жүретінімді айқын білдім. Алматы мемлекеттік энергетика және электронды құрал жасау колледжіне оқуға түстім.

2010 жылы орташа арнайы білім туралы дипломымды алып, 20 жасымда ЖАжӨЦ 3 дәрежелі электр слесірі болып жұмысқа орналастым. Энергетика саласындағы еңбек жолым осылай басталды. Жылу автоматикасы және өлшеулер цехында бақылау – өлшеу аспаптарын, дистанциялық басқару, автоматика және технологиялық қорғау құралдарын жөндеу және қызмет көрсетумен айналыстым.

ЖАжӨЦ – да жеті жыл жұмыс істеп Жөндеулер қызметіне ауыстым. Әрбір жаңа күн білікті жетілдіру мүмкіндігін сыйлайды. Ұжымым өте ұйымшыл, тату, қажет болса көрсетіп, кеңес беріп, қолдап, қамқорлық жасай алатын алтын адамдар. Жөндеулер қызметіндегі жұмысым тұрақты жүктемелі, жөндеу жұмыстарын бақылау, оған дайындалу, ұйымдастыру, жоспарлау, мәселелерді шешу барысындағы ынтымақтастыққа құрылған. Жөндеулер қызметіндегі болашағы зор жастар өз міндеттерін тиянақты, тіпті зергер тәсілімен орындайды. Олардың басым көпшілігі «Жарқын болашақ» жастар ұйымында. «АлЭС» АҚ жастарға зор үміт артады.